Асқар Мамин «СҚ-Фармация» логистикалық хабындағы дәрі-дәрмек қорын тексерді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Асқар Мамин «СҚ-Фармация» логистикалық хабындағы дәрі-дәрмек қорын тексерді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172115669024924964.webp)
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы «СҚ-Фармация» логистикалық хабына барып, онда COVID-19-дан емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және ҚР денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Бұл туралы Елорда Инфо Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Денсаулық сақтау министрі А. Цой мен «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Е. Есқалиев ауруханалар мен провизорлық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттардың 91 атауы жеткізілетінін баяндады. Өткен айда медициналық препараттар өңірлер бойынша 8,7 млрд теңгеге бөлінді. Ауруханалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жедел түрде қосымша дәрі-дәрмектер сатып алынды, емделушілер амбулаториялық деңгейде тегін ала алатын дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді (парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, дабигатран және апиксабан енгізілді). COVID-19-дың екінші толқыны басталатын жағдай орын алса, компанияда 24 млрд теңге сомасына екі айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда, сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды нарық өз бетінше толықтыра алмайтын 19 тапшы дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр. «СҚ-Фармация» оларды қалалар мен ауылдық елді мекендердегі әр дәріханаға дейін толық жеткізеді. Үкімет басшысына компанияның логистикасын жақсарту шаралары туралы баяндалды: жоспарлы рейстер саны 1,7 есеге артты, тиеу мерзімі 2 аптадан 1 аптаға дейін қысқартылды, тауарларды хабтардан өңірлерге бөлу Cross-docking қағидаты бойынша жүзеге асырылады, ал қоймалардың жұмысы 24/7 режиміне көшірілді. Премьер-Министр өңірлерге дәрі-дәрмектердің тиелуін ерекше бақылауға алуды, күзгі-қысқы маусымда COVID-19-дан емдеу үшін барлық қажетті медициналық препараттардың болуын қамтамасыз етуді, дәрі-дәрмектерге қажеттілік артқан жағдайда шұғыл әрекет етуді, сондай-ақ бөлшек сауда секторын тапшы дәрі-дәрмекпен толықтыру бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Медициналық өнімдер мен дәрілік препараттарды отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударылды. «СҚ-Фармация» логистикалық хабын аралауға Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, денсаулық сақтау министрі А. Цой, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Бюрабекова қатысты.
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)
![Қазақстандықтар «Жұмысшы мамандықтар қаласына» бара алады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173924044642354032.webp)
![Елордалық әкелер одағы ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173919538225400543.webp)