Карантин кезінде той-томалақ өткізу: ІІМ 4,5 мың заңбұзушылықты анықтады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Карантин кезінде той-томалақ өткізу: ІІМ 4,5 мың заңбұзушылықты анықтады
ашық дереккөз

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ел тұрғындарын той-томалақ өткізуден бас тартуға шақырып, бүгінге дейін қанша заңбұзушылық анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Ғасырлар бойы біздің халқымыз ел басын қосатын көптеген дәстүрлерді, оның ішінде  қонақжайлық, той, құдалық секілді салт-дәстүрлерді қалыптастырған болатын. Бірақ бүгін жаңа сын-қатерлерге бейімделуіміз қажет. Ашығын айтқанда кейбір салтымыз бен дәстүріміз қазіргі қауіпті жағдайда қарама-қайшы келіп отыр. Сондықтан уақытша бас тартқан дұрыс. Бұл әңгіме осы бес айдың ішінде талай рет көтерілді. Аурудың қауіптілігі де, адамның өміріне келетін зиян да бірнеше айтылды. Тыйым да салынды. Ақырын да, қатты да айтылды. Бірақ тыйым салынғанына қарамастан қарапайым сақтану нормалары еленбей отыр. Өзім біраз облысты аралап шықтым, бұл мәселелердің бәрін көтеріп айтқанмын. Қазір ашығын айтқанда тоқтау керек», - дейді Ералы Тоғжанов. Вице-премьер сөзінде нақты цифрлық деректерге тоқталып, қанша заңбұзушылық орын алғанын атап өтті. «Бір ғана Ішкі істер министрлігінің санитарлық режимдерді сақтауға байланысты мәліметтерінен дерек келтіріп өтейін. Бүгінде 4,5 мыңнан астам түрлі заңбұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде той да, үйлену тойы да, құдалығы да, туған күндер де, ойын сауық мекемелері, түнгі клубтар, мейрамханалар бар. Маска режимін сақтамау секілді тәртіпбұзушылық анықталды», - дейді ол.