Қазақстанда экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл көлемі артады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл көлемі артады
ашық дереккөз

Экологияға қатысты заң күшейтіледі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Қазір министрлік ұлттық парктер мен демалыс аймақтарына қоғамдық рейдтер жүргізуде. Бұл жергілікті жерлердегі қоршаған ортаны қорғау бойынша жағдайды бақылауға және қажетті шараларды жедел қабылдауға септігін тигізеді. Ал ең бастысы заң бұзушыларға жаза қолдануға мүмкіндік береді. Алайда жағдайды өзгерту үшін жалпы халықтың экологиялық мәдениетін көтеру қажет», – деді министр. Ұлттық парктер мен демалыс аймақтарындағы рейдтерге Экология және Ішкі істер министрлігінің өкілдері, сонымен қатар экологтар, қоғам белсенділері, еріктілер және құқық қорғау органдары қатысады. «Өкінішке қарай халықтың экологиялық мәдениеті өте төмен. Бұған соңғы бір айда тіркелген табиғатқа аяусыздық таныту фактілері дәлел бола алады. Бұл – Ақтаудағы итбалықтарды ұрып-соғу, Бурабайдағы тау болып үйілген қоқыстар, Алматы маңындағы Первомайский тоғанындағы қызыл кітапқа енген лотос өсімдігін жұлып алып, Инстаграмда қуана жариялаған жағдай, қоқыс тастау, жерошақтар жағу, сонымен қатар бірегей Көбейтұз көлінен тұз алып кетіп сату деректері. Мұның бәрі – біздің табиғатқа жасаған дөрекі әрі қатал іс-әрекетіміздің аз бөлігі ғана», – деді Мағзұм Мырзағалиев. Оның айтуынша, елдегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы жағдайды өзгертуге, ең алдымен, қазақстандықтардың экологиялық ойлау қабілетін өзгерту арқылы ғана қол жеткізуге болады. «Бізден қоқыс жәшіктерін көптеп орнатуымызды сұрайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, оны орнатқан сайын, соғұрлым қоқыс та көп тасталады. Бәрін өзімізден бастайық. Адамдарға жаппай айыппұл салуды қолдамаймын. Бірақ соңғы уақыттағы фактілерді ескерсек, басқа амал жоқ. Халықтың мәдениеті өзгеріп жатқан жоқ. Сондықтан кей азаматтарға заң бұзғаны және табиғатқа қатыгездік көрсеткені үшін айыппұл салынуы керек. Қазір біз кең ауқымды рейдтер ұйымдастырудамыз. Екінші жағынан, халықтың экологиялық санасын өзгертуге әрекеттеніп жатырмыз. Балаларға табиғатқа құрметпен қарауды өзіміз үйретуіміз керек. Мысалы, қоқысты өзіңмен бірге алып кетуге, оны мүлде өртемеуге, балаларды өсімдіктер мен жануарларды аялауға, оларға қамқорлық көрсетуге, табиғатты қорғау шараларына қатысуға, ағаш отырғызуға үйретуіміз керек», – деді М.Мырзағалиев. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне балаларды экологиялық тәрбиелеу үшін мектептерде жаңа пән енгізуді тапсырды. Өйткені тәрбиенің бастауы бала кезден басталады. «Біздің біріккен күш-жігеріміз ғана еліміздің бірегей табиғи байлығын сақтап қалуға көмектеседі. Сондықтан журналистерді, блогерлерді, экологтарды, қоғам белсенділерін, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барлық адамдарды, әрбір қазақстандықты жас ұрпақты табиғатты құрметтеуге, оған қамқор болуды үйретуге шақырамын!», – деді министр.