Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналады – министр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналады – министр
ашық дереккөз

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Көбейтұз көлінің ерекше қорғалатын аймаққа айналатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо. Бұған дейін министрлік Көбейтұз көлін қорғау бойынша алғашқы шараларды қабылдаған болатын. Мамандардың айтуынша, көлден алынған сынама кәдімгі қарапайым ас тұзымен бірдей екенін көрсеткен. Сондай-ақ қоғамдық бақылау кеңесі құрылып,  еріктілер мен құқық қорғау органдарының арасынан көлді тексеретін топ құрылады. Қазір Экология министрлігі жағдайды талдап, қосымша шаралар әзірлеуде. Мағзұм Мырзағалиев көлдер мен басқа да табиғи нысандарда болудың белгіленген тәртібін, санитарлық нормалар мен экологиялық заңнаманы бұзушылардың жазаланатынын, айыппұлдардың артатынын, заңбұзушылық үшін жауапкершіліктің күшейтілетінін атап өтті. Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес, Көбейтұз көліндегі стихиялық қоқыс үшін бірнеше адам жауапқа тартылды. «Сонымен қатар экологиялық бекеттер құру жоспарлануда. Бірақ осы бірегей көлге құмартатындар саны артуда. Демек, жалпы алғанда, ең алдымен азаматтарға мұндай жерлерде жүріп-тұру ережелерін түсіндіру және эко мәдениетті көтеру, тұзды өзімен бірге алып кетуге болмайтынын, оның ешқандай емдік қасиеті жоқ екенін, ал көл туристердің осындай әрекеттерінен жойылып кетуі мүмкін екенін түсіндіру қажет. Сондай-ақ біз қоғам белсенділерін, экологтарды, эко-белсенділерді осы жұмысқа жұмылдырмақшымыз», – деді Мағзұм Мырзағалиев. Министр атап өткендей, бұл елдегі басқа да табиғи нысандардағы жағдайларға, оның ішінде Бурабай немесе Первомайский тоғандарындағы оқиғалар немесе Қызыл кітапқа енген лотос гүлін жұлып алу жағдайы да ведомства өкілдерінің алаңдаушылығын туғызуда. «Айыппұлдардан басқа, халыққа үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Ересектер өздері балаларға табиғатты аялауды үйретіп, үлгі болуы қажет. Тағы да барлық қазақстандықтарды қоршаған ортаға қамқорлық жасауға шақырамын. Біз елдегі кез-келген табиғи нысанның жанына инспектор қоя алмаймыз. Жалпы, халықтың экологиялық мәдениетін жақсарту керек. Әрине, ол бір күндік жұмыс емес. Бірақ біздің министрлік мұндай түсіндірулерді қоғамда белсенді түрде насихаттайды. Бұқаралық ақпарат құралдарына осы іске қосқан елеулі үлестері үшін алғыс айтамыз. Болашақта да насихат жұмыстары жағынан сіздердің бізді қолдайтындарыңызға сенеміз. Бұл жұмыстарға жергілікті әкімдіктер де белсене қатысады деген ойдамыз. Бұл үшін бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Бұған дейін айтқанымдай, бәрі бала кезден бойға сіңуі керек. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде экологиялық мәдениет пәнін енгізуді ұсынды», – деп түйіндеді Мағзұм Мырзағалиев. Естеріңізге салсақ, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында Көбейтұз көліне қатысты пікір білдірген болатын.