Коронавирус пандемиясы өмірімізді қалай өзгертті: «Бір жақсысы, бір жаманы»

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Коронавирус пандемиясы өмірімізді қалай өзгертті: «Бір жақсысы, бір жаманы»
ашық дереккөз

Бүкіл жер шарын дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясы қазақстандықтардың өміріне де елеулі өзгеріс енгізді. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі «Пандемия өмірімізді қалай өзгертті?» деген сұраққа жауап іздеп көрді. «Бір жақсысы, бір жаманы» деп Қадыр Мырзаәлі жырлағандай, әлемдік коронавирус пандемиясының жаман тұстары көбірек болғанмен, жақсы жақтары да жоқ емес. Жаманы сол ондаған мың отандасымыз аты жаман ауруды жұқтырды. Оның жартысынан көбі жазылып шықса, 600 мыңнан астамы өкінішке қарай қайтыс болды. Олардың арасында науқастарды емдеймін деп жүріп, біршама дәрігер өз жанын құрбан етті. Ал жақсысы түздегі өмірден оқшауланған адамдар уақытты өз үйлерінде өткізіп, отбасыларына, балаларына бұрынғыдан да көбірек көңіл бөле бастады. Бірақ осы оқшауланудың кесірінен үнемі сыртта жұмыс істеп үйреніп қалған адамдар үйіне сыймай, отбасындағы жанжалдың біршама ерлі-зайыптының ажырасуына себепкер болғаны да айтылады. Дегенмен адамдар дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша санитарлық-гигиеналық тазалыққа мән беріп, қолды сабындап жиі жуып тұруды әдетке айналдырды. Сәуірде елордадағы қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылып, тіпті кей күндері жеке көліктердің жүруіне де шектеу қойылды. Мысалы, Нұр-Сұлтанда автобустармен күнделікті 700 мың жолаушы жүретін еді. Ал қала ішінде күніне 500 мыңға жуық жеке көлік жүйткіп жүрсе, шектеу қойылған күндері оның саны 50 мыңға, яғни 10 есеге азайған. Мұндағы бір жаманы жұртшылық жақындарының жанына бара алмай, діттеген жеріне жете алмай қиналды. Алайда сарапшылардың сөзінше, бұл жағдай қалаға экологиялық жағынан жақсы әсерін берген. Жалпы, әлемдік коронавирус пандемиясы жер шарының экологиясына, табиғатқа өзіндік пайдасын тигізді деседі. Пандемия кәсіпкерлерге қалай әсер етті? Коронавирус пандемиясы, Төтенше жағдай режимі, карантин еліміздің, тек біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлемнің экономикасын тұралатты. Бұл сындарлы сәттің кәсіпкерлерге де едәуір кері әсерін тигізгені белгілі. Себебі қаншама кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды, кейбірі банкротқа ұшырады. Енді бірі жұмыс бағытын өзгертті. Мысалы, трансформер сөмке тігумен айналысатын елордалық жас кәсіпкер Дамыс Болатхан ТЖ кезінде медициналық бетперде тігумен айналысқан. Айтуынша, бұл жобаны ол қайырымдылық мақсатта бастаған. Яғни тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратқан. Артынша тапсырыс түскен соң сатылымға да шығарған. «Қандай кәсіп болсын өте ауыр болды. Әсіресе маған қаттырақ әсер етті. Неге десеңіз, осы уақытқа дейін 15 шаршы метр, кейіннен 30 шаршы метрлік орынды жалға алып, мен өзім ғана жұмыс істеп келгенмін. Бұрыннан дүкен ашу, кеңсе ашу арманымыз болған еді. Сол көп жылдық жоспарымызды енді ғана жүзеге асырып, 15 наурыз күні қазіргі кеңсеміздің ашылу салтанатын жасағанбыз. Алайда 17 наурыз күні карантинге жабылдық. Ашыла салып, 1-2 күннен кейін қайтадан жұмысты тоқтату мен үшін өте ауыр болды. Дегенмен өз басыма ғана емес, еліміздің, тіпті бүкіл әлемнің басына төнген дағдарыс болғандықтан, тоқырау кезінде бір тоқтап, біраз дамылдап, жоба-жоспарымызды қайтадан бір қарап шықтық. Ұжымымыз тарағанмен, мен өзім арасында кеңсеге келіп, жоспар құрып, аяқталмай қалған тапсырыстарды орындап жүрдім», – дейді жас кәсіпкер Дамыс Болатхан Елорда Инфо тілшісіне берген сұхбатында. Дегенмен билік тарапынан шағын және орта кәсіп иелерін қолдау мақсатында бірқатар тиісті шаралар қолға алынды. Мысалы, салықтан босату, несиелерді кейінге шегеру сияқты жеңілдіктер жасалды. Сол сияқты жеке тұлғаларға да 3 айға дейін кредит төлемін кейінге шегеру қарастырылды. Бірақ кейбір екінші деңгейлі банктердің тұтынушыларына несиелерінің үстеме ақысын төлеу құны едәуір артты. Мұны кейбір банк ай сайынғы төлем құнын арттыру арқылы жүзеге асырса, енді бір банк тұтынушының кредитті төлеу мерзімін ұзартты. Дегенмен 3 ай бойы кредит төлеуден босатылған тұрғындардың аз уақыт болса да, қарыз қамытынан жеңілдеп, ұйқылары тыныш болды. 3 ай несиені төлейтін ақшаларына керек-жарақтарын алып, қарық болғандары да бар. Мұның оларға осынысымен де тиімді болғаны анық. Мұғалімдер мәртебесі артты Коронавирус пандемиясының тағы бір тиімділігі мұғалімдердің мәртебесін арттырды. Қашықтықтан оқыту барысында мұғалімдер де, ата-аналар мен оқушылар да түрлі қиындыққа тап болды. Мысалы, мұғалімдерге жаңа форматқа тезірек бейімделуге тура келді. Бұрын күнделікті тәжірибеде қолданылмаған ZOOM, Дарын online, Google Meet сияқты және басқа да интернет платформалары іске асырылып, бұл жаңашылдық алдымен ұстаздар қауымына үйретіліп, одан кейін оқушылар мен ата-аналар меңгерді. «Жұмыс жүктемесі артқанмен, бұрын тек информатика пәнінің мұғалімдері ғана жақсы білетін интернет платформаларын аз уақыттың ішінде меңгеріп алдық. Сонымен қатар бұған дейін тек ұстаздардың арасында өткізілетін байқауларға қатысатын кезде ғана дайындайтын бейне сабақтарды түсіру мұғалімдердің әдеттегі жұмысына айналып барады. Пандемияның осы тұсы тиімді болды», – дейді елордадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнагүл Тасболатова. Жалпы, білім берудің 4 түрлі форматы, яғни қалалық жердегі оқушылар үшін интернет платформа, ауыл-аймақтардағы оқушылар үшін телеарна және радио, ал алыс елдімекендердегі оқушылар үшін Қазпошта арқылы білім беру форматы ұсынылды. Мұғалімдердің бейне сабақтары «Балапан» және «Еларна» телеарналары мен YouTube арналар арқылы Алты Алашқа таратылды. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай білім беру форматы елімізде бұрын-соңды болмаған, тіпті Қазақстанның Ата Заңында да қарастырылмаған. «Бұрын көпшілік тарапынан мұғалімдердің жұмысын оңай көретін жағдай жиі кездесетін. Осы коронавирус пандемиясы ұстаздардың қадірін арттырып, жұмыстарының қаншалықты қиын әрі жауапты екенін көрсетті. Алайда бұл уақыт педагогтардың жұмысын бұрынғысынан екі есеге қиындатты. Соған қарамастан білім беру жолында талмай еңбектеніп, жаңашылдыққа тез бейімделген әріптестеріме тек алғыс айтамын», – деді Асхат Аймағамбетов тілшілерге берген сұхбаттарының бірінде. Дегенмен тұрмысы төмен отбасылардың балаларын компьютермен, интернетпен қамтамасыз етуде әлі де мәселелер жоқ емес. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, мектептердегі компьютерлердің басым көпшілігінің тозығы жеткен. Бұл тұрғыда Асхат Аймағамбетов брифингтердің бірінде қазіргі уақытта министрлік тарапынан 36 мың жаңа компьютердің сатып алынғанын, жаңа оқу жылы басталғанға дейін өңірлердің әкімдіктері мектептерді тиісінше жаңа компьютерлермен қамтамасыз ететінін атап өтті. Дәрігерлердің дәрмені мен дәурені Пандемия әсіресе алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің өмірін қатты өзгертті. Оларға ең ауыр жүк артылды. Инфекция жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, ақ халаттылар отбасыларымен, жақындарымен қауыша алмайтын жағдайға жетті. Наурыз-сәуір айларында медицина мамандарына қонақ үйлерден орын беріліп, арнайы көліктермен тасымалданды. «Мен 10 жылдан бері анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып қызмет етіп жүрмін. Біздің жұмысымыз пандемия пайда болмай тұрып та аса жеңіл болмаған. Әрине, қазіргі уақытта тіптен қиын. Өйткені бұл вирустық инфекциядан дәрігерлер мен орта және кіші медициналық персонал да ауырып қалуы мүмкін. Қорғаныш костюмдарын киіп жүру де ауыр. Біз бұған дейін әдеттегі медициналық еркін формасымен жүріп үйреніп қалдық. Қорғаныш костюммен ыстықтап, терлейсің, көзәйнек те буланып кетеді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Инфекциялық орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Әсел Есалиева Елорда Инфо тілшісіне берген сұхбатында. Айта кету керек, халықтың алғысына бөленген ақ халаттыларға, соның ішінде алдыңғы шепте жүрген медперсоналға Мемлекет басшысының шешімімен сыйақылар берілді. Той-томалақ тыйылды Эпидахуалды жақсарту мақсатында той, ас беру сияқты отбасылық шараларға шектеу қойылды. Жаназа рәсімінің өзіне тек марқұмның жақын-жуықтарына ғана жиналуға рұқсат берілді. Мұның жаманы сол адамдар жақындарының қуанышына ортақтасып, алыстағы ағайынның бір-бірімен емен-жарқын қауышуын тежеді. Басқа қалада қайтыс болған туысын соңғы сапарға шығарып салуға бара алмай, ұнжырғалары түсті. Бір жақсысы көпшілік даңғазалықтан тыйылды. Әйтпесе той жасау да бәсекелестікке айналып кеткен еді. Бір күндік қызық үшін той иелерінің қаншама жыл банкке кредит төлеуіне тура келетін. Сол сияқты кей аймақта өлімнің өзі тойға айналып, үлкен-үлкен мейрамханаларда аста-төк дастархан жайылып, ысырапшылдыққа жол беріліп келген еді. Қазіргі уақытта жас жұбайлардың ата-аналары ғана бас қосып, сырға салып, Алла мен заң алдында некелерін қию рәсімі дәстүрге айналып келеді. Кей өңірлерде тек 20-30 кісінің басын қосатын шағын мерекелерге рұқсат берілген. Алайда қонақ санын азайтып, тығылып той жасағандар да жоқ емес. Соның салдарынан да эпидахуалдың қайтадан қиындай түсті. Бір жаманы әр жердегі тойхана, мейрамханалардың ғимараты қаңырап бос қалды. Бір жақсысы олардың кейбірі тігін цехына және басқа да өндіріс орындарына айналып жатыр. Кейбір ғимарат провизорлық стационар ретінде пайдалануға берілуде. «Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман» деп Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, тойға қызмет көрсететін әнші-асаба, бишілер табыстан қағылғанмен, ағайынның көңілі үшін еріксіз тойға баратын көпшілік енді бұрынғыдай қаншама уақытын сауық-сайранға емес, ғылымға, кәсіпкерлікке жұмсаса игі еді. Онлайн кездесу, онлайн концерт, онлайн жарыс... Қазір бұрынғыдай концерт, театр, кинотеатр жоқ. Есесіне онлайн концерттер өтіп тұрады. Бұл тұрғыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі түрлі жобалар ұйымдастырды. Мысалы, «Қазақтелеком» АҚ министрліктің қолдауымен YouTube арналары арқылы «Карантиндегі жұлдыз» жобасын ұсынды. Осы жоба аясында Роза Рымбаева, Ғаділбек Жанай, Сәкен Майғазиев сынды елімізге танымал әртістердің онлайн концерттері күн сайын тікелей эфир арқылы өткізіліп тұрды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен басқа да түрлі спорттық шаралар, жаттығулар ұйымдастырылып келеді. Жалпы, қазіргі уақытта шаралардың басым көпшілігі онлайн. Мысалы, Үкіметтің жиыны да, әр мекемелердің жиындары да онлайн өтеді. Халықаралық кейбір жарыстар да, ән байқаулары, ақындар мүшайралары, кинофестивальдары да онлайн өтіп жатыр. Мысалы, Астана күні мерекесі де онлайн форматта аталып өтті. Ішкі туризм дами бастады, бірақ... Пандемияның кесірінен мемлекеттер өзара шекараларын жауып, ел азаматтарының шетелге барыс-келісі мен алыс-берісі тыйылды. Мұның бір жақсысы Қазақстанның ішкі туризмі қанат жая бастады. Осы уақытқа дейін адам аяғы баспайтын, ен жатқан өзен-көлдеріміз туристік нысанға айналды. Алайда өзен-көлдердің жағасын ластап кететіндер де аз емес. Мысалы, елорда маңындағы «Көбейтұз» көлінің маңына қоқыстарын тастап, тіпті тұздарын заңсыз әкеліп, әлеуметтік желі арқылы оны қымбатқа саудалап жүргендер де бар. Осы ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аталған көлге рейд жүргізіп, тиісті шараларды қолға алды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Твиттердегі парақшасында жазба қалдырды. «Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті «Көбейтұз» көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек», – деп жазды Президент. Карантин қайта күшейтілді 11 мамырдан бастап Қазақстандағы Төтенше жағдай режимі тоқтатылып, біраз шектеулер алынып, тіршілік қайта жандана бастап еді. 1 мамырдан бастап кейбір қалалар арасындағы әуе рейстері іске қосылып, 1 маусымнан бастап ел ішіндегі теміржол бағыттары, одан кейін қалааралық автобустар жүре бастап, қалалар арасындағы көлік қатынасына да ерік берілген. Әрине, барлығына қатаң санитарлық талап қойылған-ды. Алайда жұртшылықтың көпшілігі санитарлық талапты сақтамай, босаңсып кеткен соң індет өршіп, еліміздегі коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт көбейді. Соның салдарынан кісі өлімі артты. Жұқпалы ауру Кеңес Дүйсекеев, Қуандық Шамахайұлы сияқты ел алдында жүрген бірқатар азаматтардың да жанын жалмады. Ауруханаларда орын тапшы болды. Жедел жәрдем станцияларына түсетін қоңырау екі есеге артты. Мысалы, елордада бұған дейін тәулігіне 2-2,5 мың қоңырау түссе, эпидахуал қиындаған кезде 103 нөміріне түсетін қоңырау саны 4-5 мыңға жеткен. Дәріханалардағы дәрі тапшылығы да тұрғындарды әбігерге салды. Оның себебін Денсаулық сақтау министрлігі ауырмаған адамдардың алдын ала дәрі-дәрмекті көптеп сатып алғандығымен түсіндірді. Антирекорд көрсеткіші орын алған соң билікке 5 шілдеден бастап карантин режимін қайта күшейтуге тура келді. Ел ішіндегі кейбір аймақтар арасындағы теміржол қатынасы, Тұлпар-тальго пойыздары тоқтатылды. Сауда, ойын-сауық орталықтарының есігі қайта жабылып, азық-түлік дүкендерінің жұмысы кешкі сағат 20.00-ге дейін қысқартылып, кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Елордадағы қоғамдық көлік қозғалысы қайтадан тоқтатылды. Мамандардың сөзінше, осы шаралардың арқасында ел ішіндегі эпидахуал қайтадан жақсарып келеді. Апта ішіндегі дертке шалдыққандардың саны 7 пайыздан 3-4 пайызға төмендеген. Дегенмен әлі де босаңсуға болмайды. Осы жағдайдың бәрінің бір жақсысы халықты, ел азаматтарын жұдырықтай жұмылдырды. Еріктілер, кәсіпкерлер, меценаттар түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Бір жаманы арандары ашылған алып-сатарлар көлеңкелі кәсіпке жол беріп, дәрі іздеген жандарға алдын ала сатып алған өнімдерін бірнеше есеге қымбат бағаға саудалады.