Учаскелік дәрігерлер қашықтан жұмыс істеу форматына көшті – Ажар Ғиният

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Учаскелік дәрігерлер қашықтан жұмыс істеу форматына көшті – Ажар Ғиният
ашық дереккөз

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният амбулаториялық-клиникалық ұйымдарда науқастардың коронавирус инфекциясын жұқтыруына жол бермес үшін қабылданып жатқан қауіпсіздік шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Алғашқы медициналық-санитарлық желі деңгейінде инфекцияны болдырмас үшін емханалар мен амбулаторияларымызда учаскелік қызметтердің жұмысын дистанциялық форматқа ауыстырдық. Учаскелік дәрігерлердің, медбикелердің барлық кеңестері онлайн жүргізіледі. Ал шұғыл жағдайларда, яғни науқастардан қандай да бір шағым түссе немесе созылмалы аурулар пайда болғанда мобильді бригадалар кеңес беру үшін үйіне барады», - деді вице-министр. Ол бір мобильді бригада 5 мың тұрғынға тиесілі екенін айта отырып, емхана 50 мың адамға қызмет көрсетсе, онда 10-нан астам мобильді бригада жұмыс істейтінін жеткізді. «Бұл мобильді бригадалар науқастарға қызмет көрсетеді. КВИ, ЖРВИ-ға ұқсас симптомдары бар науқастарға баратын бригадалар бар. Олар анализ алады, тексереді, жағдайының ауырлығына қарай ем тағайындайды. Сондай-ақ, арнайы оқытылған медбикелері бар мобильді бригадалар бар, олар ПТР-ға талдау жасау үшін ғана шығады. «Таза бригадалар» деп аталатын топ созылмалы ауруы бар науқастарға, жүкті әйелдер мен балаларды тексеруге барады», - дейді Ажар Ғиният.