Министрлік Нұр-Сұлтан маңындағы стихиялық қоқыс орындарына рейд жүргізді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Министрлік Нұр-Сұлтан маңындағы стихиялық қоқыс орындарына рейд жүргізді
ашық дереккөз

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Нұр-Сұлтан қаласына жақын жердегі қоқыс орындарына рейд жүргізді, деп хабарлайды Елорда Инфо министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мамандардың сөзінше, бұл – министрліктің республика бойынша жүргізген ауқымды жүйелі жұмыстарының тек басы ғана. Мұндай рейдтер енді еліміздің әр өңірінде жасалады. ҚР ЭГТРМ Экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов Мемлекет басшысының стихиялық қоқыс үйінділерін жою туралы тапсырмасын орындаудың маңыздылығын атап өтті. Естеріңізге салсақ, биылғы 10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөйлеген сөзінде қоғамда барған сайын күрделеніп отырған экологиялық проблемаларды шешудің өзектілігін айтқан болатын. «Жыл сайын 5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Оларды өңдеу көлемі еліміз бойынша тек 15% ғана. Бұл жеткіліксіз. Үкіметке жедел түрде заңнамалық база әзірлеп, «Waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай туғызу қажет", – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетсек, өткен аптада министрлік әр өңірдегі стихиялық үйінділер туралы азаматтардан ақпарат жинау үшін жедел желіні іске қосты. Бүгінде 250-ден аса шағым келіп түсті. Шағымдардың көбі Алматы облысындағы (40 шағым), Алматы қаласындағы (апта ішінде 18 хабарлама), Ақтөбе, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысындарындағы қоқыс үйінділері туралы. Үйілген қоқыс туралы ең көп хабар берген Қарағанды (15) және Ақтөбе (14) облысының, сондай-ақ – Алматы қаласының (11) тұрғындары. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлағандай, жыл басынан бері оның тапсырысы бойынша Қазақстанның ірі қалалары мен оның 50 шақырым аумағындағы өндіріс және тұтыну қалдықтарына ғарыштық мониторинг жүргізді. Нәтижесінде бүкіл ел бойынша 7 000-нан астам заңсыз қоқыс орындары анықталды. Ғарыштық мониторинг кезінде министрлік өңірлердегі үйінділерді жоюдың жаңа кестесін құрып, бекіту үшін әкімдіктерге жолдады. Бүгінде бұлардың 18-і жойылды. Естеріңізге сала кетсек, жедел желі нөмірі – +7 775 952 49 00.