Ержан Ашықбаев елімізге қай мемлекеттерден гуманитарлық көмек келіп жатқанын айтты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ержан Ашықбаев елімізге қай мемлекеттерден гуманитарлық көмек келіп жатқанын айтты
ашық дереккөз

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев онлайн брифингте гуманитарлық көмек ретінде елімізге қай мемлекеттерден, қандай заттардың қанша көлемде келіп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Сыртқы істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да министрліктермен бірлесіп елімізге індет тараған алғашқы күндерден бастап шетелдік әріптестерімізден қайырымдылық-гуманитарлық көмек ретінде керекті заттарды елге жеткізу бойынша жұмыстармен айналысып келе жатыр. Бұл – өте ауқымды жұмыс», – деді ол. Осы орайда вице-министр Қытай Халық Республикасы, АҚШ, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Катар, Өзбекстан сияқты басқа да көптеген мемлекеттерге және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты халықаралық ұйымдарға, компанияларға, шетелдік қайырымдылық қорларына, жекелеген адамдарға елімізге жасаған қайырымдылық көмектері үшін ризашылығын білдірді. «Жалпы, гуманитарлық көмек туралы айтқан кезде бірнеше факторды есте сақтау керек. Біріншіден, осы індет бүкіләлемдік болғандықтан, елімізге дәрі-дәрмек, медициналық құрылғыларды әкелу үлкен бәсекелестік жағдайында жүзеге асып келеді. Осыны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек ауқымды түрде жүзеге асып жатса да, Үкіметке, бюджетке де едәуір салмақ түсіп жатыр. Әсіресе ауыр жүк денсаулық сақтау жүйесіндегі әріптестерімізге артылып отыр. 5 миллион 200 мыңға жуық бетперде, 98 аппарат, 260 мың тестілеу сынама жүйесі, 3 мыңға жуық тепловизор мен термометр жеткізілді. Сонымен қатар Қытай мен Ресейден және басқа да елдерден дәрігер мамандар да келіп, көмек көрсетіп отырғанын білесіздер. Сол сияқты біздің мамандарымыз Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль сияқты бірқатар елдердің дәрігерлерімен бірлесіп, түрлі видеоконференцияларға қатысып жүр. Жалпы, сырттан келіп жатқан гуманитарлық көмек ашық, ресми түрде жарияланып отырады. Елге жеткізілген бетте денсаулық сақтау жүйесі мен «СК-Фармация» мамандарының қолына беріледі. Әрі қарай медициналық ұйымдарға үлестіріледі», – деді Е.Ашықбаев.