Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр
ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы видео байланыс арқылы өтіп жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо. Жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп береді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылады.

***

Тоқаев отырыстың басында сөз сөйлеу тәртібін белгіледі. Премьер-Министр Асқар Мамин жыл соңына дейін шешілетін есеп пен міндеттер жайлы бірінші болып сөз сөйлейді. Содан кейін Ұлттық Банк басшысы Ерболат Досаев ақша-несие саясаты туралы айтып береді. Содан кейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой (коронавирус, елдегі жағдайды қалай жақсартуға болады және т.б.). Содан кейін Президент бірнеше өңірдің әкіміне сөз береді.

***

"Пандемиямен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін Үкіметтен және өңірлерден 150 миллиард теңге бөлінеді. Басты міндет – коронавирустың жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде айтарлықтай нәтижеге жету", деді Мемлекет басшысы.

***

Қ.Тоқаев: Індетке қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болады. Мұны шетелдің тәжірибесінен көріп отырмыз. Ал біздің елімізде қоғамдық тәртіп едәуір ақсап тұр. Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек

***

Қазақстан Президенті: Бұл халықтың денсаулығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады. Себебі олар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Салғырттыққа, бейқамдыққа жол бермеу керек.

***

Қ.Тоқаев: Келесі маңызды міндет–толыққанды медициналық көмек көрсету және аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету. Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ.Үкімет те бақыламады

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек.

***

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: Біз қазір дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек.

***

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

***

Қ.Тоқаев: «СҚ Фармация» компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?

***

Қасым-Жомарт Тоқаев: Халықты үрей мен қорқыныш билеген. Тіпті олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асуда. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек.

***

Қ.Тоқаев: Беделді дәрігерлер телемедицина, телеарна және әлеуметтік желі арқылы емделудің дұрыс жолдарын үйретіп, жүйелі түрде түсіндіруі қажет. Олай болмаған жағдайда, дүмбілез, алаяқ емшілердің күмәнді кеңестері халықтың денсаулығына кесел келтіреді.

***

Қазақстан Президенті: Дәрігерлеріміздің денсаулығын сақтау, олардың жұмысқа қабілеттілігі мен ынтасын арттыру – өте маңызды.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев: Тағы бір кемшілік. Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев: Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды.

***

Қазақстан Президенті: Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателіктер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ. Цифрлық комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр?

***

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: Бұл төтенше жағдай болғандықтан, пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауымыз керек. Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бір сөзбен айтқанда, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз «Жұмыспен қамту жол картасын» қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған.

***

Қ.Тоқаев: Жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған. Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек.