Коронавирус инфекциясы байқалғанда не істеу керек – дәрігер кеңесі
Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева коронавирус инфекциясын үй жағдайында емдеудің қиындықтары туралы мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Қазір біз симптомы аз немесе симптомсыз пациенттер үйінде емделуі керек дейміз. Тиісінше олар үй жағдайында өз өздерін емдеуге кіріседі. Осы орайда біз, дәрігерлер, емдеу жолдарының регламентін көрсетуіміз керек. Айта кету керек, коронавирус инфекциясының симптомы аз түрі патогенездік емді, яғни вирусқа қарсы, антибактериялы, антитромботикалық препараттарды қажет етпейді», - дейді жоғары санатты дәрігер. Сөзін жалғай отырып, мынадай кеңестерін беріп өтті. «Мұндай пациенттер емдеу-қорғау режимімен емделіп, ақуызы жоғары тағам түрлерімен дұрыс тамақтануы керек. Олар сұйықтықты көбірек ішуі қажет, сол сияқты C, D дәрумендері беріледі. Дене қызуы көтерілгенде температураны түсіретін парацетомол, ибупрофен секілді дәрілер беріледі», - дейді Раушан Қарабаева. Ол өз сөзінде C дәруменінің үлкен мөлшері берілгенде бүйрегі ауыратынын еске салып өтті. «Негізінен несеп тас ауруы пайда болуы мүмкін. Егер дене қызуыңыз 38 градустан жоғары болса, интоксикация белгілері байқалса, яғни бұлшықеттердің ауыруы, әлсіздік, бас ауруы, жөтел пайда болып, кеуде қуысы ауырса дәргерлердің көмегіне жүгініп, пневмонияның өршуінің алдын алу қажет. Осы үшін кеуде қуысы рентгендік тексеруден өткізіледі немесе компьютерлік томография жасалады», - деді дәрігер.