Электрондық үкімет порталында әкімшілік айыппұлдарды төлеуге болады
eGov.kz порталында тіркелген және ЭЦҚ бар пайдаланушылар айыппұлдарды үйден шықпай-ақ төлей алады. Қызмет жеке тұлғаларға қолжетімді, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Айыппұлдарды онлайн төлеудің артықшылығы – пайдаланушы үйден шықпай-ақ құқықбұзушылық құрамымен танысып, төлей алады, бұл ретте чек Жеке кабинетте сақталады. Одан басқа, құқықбұзушылық болған кезде түсірілген суретті алу мүмкіндігі бар, ол салынған айыппұлдың заңдылығына көз жеткізуге көмектеседі», - деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов. Порталда «Әкімшілік айыппұлдар мен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды іздеу және төлеу» қызметін алу үшін басты беттегі «Көлік және коммуникация» бөлімін таңдап, одан кейін «Автомобиль көлігі» санаты бойынша басу қажет. Порталда авторизациядан өтіп, «Онлайн төлеу» батырмасына өтіңіз. Айыппұлды іздеу үшін ЖСН немесе ТАӘ және туған күнін енгізу қажет. Айыппұлдар болған жағдайда пайдаланушының экранына орын алған бұзушылықтар, сондай-ақ өтініш берушінің деректері, бұзушылық біліктілігі, құқықбұзушылықты анықтаған орган, құқықбұзушылық жасалған (табылған) күні, хаттама жасалған күн, хаттама нөмірі, салынған айыппұл сомасы шығарылады. «Толығырақ» батырмасын басқан кезде алаңда құқықбұзушылықты тіркеу суреті пайда болады. «Төлеу» дегенді таңдап, ЭЦҚ көмегімен қызметке қол қоя отырып, пайдаланушының жеке кабинетіне құқықбұзушылық үшін төленген чек бекітіледі. Азаматтар әкімшілік айыппұлдар мен ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдарды онлайн төлеп қана қоймай, сонымен қатар, ЖСН немесе жеке деректердің көмегімен құқықбұзушылықтарды үйден шықпай-ақ қадағалай алады. Қазынашылық шотына ақша аударуды Банк 2 жұмыс күні ішінде жүзеге асыратынын атап өтеміз. Қызмет көрсету нәтижесі төлем туралы электрондық чек болып табылады.