А.Көлгінов: Биыл 10 мың орынға арналған 12 мектеп қолданысқа беріледі

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
А.Көлгінов: Биыл 10 мың орынға арналған 12 мектеп қолданысқа беріледі
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов эпидемиологиялық ахуалдың салдарынан қала бюджетіне шығын келгенмен мектеп құрылыстары тоқтамайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. "Әлеуметтік маңызы бар құрылыстар, мәселен мектеп құрылысы тоқтамайды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін қолданып жатырмыз. Яғни, инвесторлар тартып, мектеп құрылысын сол арқылы жүргіземіз. Алдағы 5-7 жылда орнын толтырамыз. ТЖ механизмі, тиісті заң бар. Қазір мектеп жетіспеушілігі байқалып отыр. 24 мыңнан астам орын жетіспеушілігі бар. Үш ауысымды 8 мектеп бар. Ал 14 мектепте бала саны артық, олар үш ауысымда жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады", - дейді Алтай Сейдірұлы. Әкім өз сөзінде биыл ашылатын мектеп саны жайлы мәлімет берді. "Биыл 10 мың орынға арналған 12 мектеп қолданысқа беріледі. Олар екі ауысымды болса, 20 мың орын болады. Ал былтыр бас-аяғы 5 мың орын ғана өткізгенбіз", - дейді ол. Ол биыл салынып жатқан мектептер келер жылы ашылса, 20 мың орынға арналатынын, ал екі ауысымда жұмыс істесе 40 мың орынға айналатынын жеткізді. Айта кетейік, шаһар басшысы онлайн баспасөз конференциясы барысында карантин шараларына байланысты қала бюджетіне 60 млрд теңге шығын келгенін айтқан болатын.