Астанада автобустар қашан жүреді – әкім жауабы

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада автобустар қашан жүреді – әкім жауабы
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов онлайн брифингте қоғамдық көлік қозғалысы мен балабақшалардағы кезекші топтардың және моншалардың жұмысы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Қоғамдық көліктер инфекция жұқтыру қаупі жоғары орта болғандықтан, карантин кезінде уақытша тоқтатылды. Естеріңізде болса, бұдан бұрын жүргізушінің вирус жұқтырып, автопарктардың мамандары және жолаушылар арасында да дертке шалдыққандар анықталған болатын. Жалпы, еліміздегі төтенше жағдай енгізілгенге дейін елорданың қоғамдық көліктерінде күнделікті 700 мың жолаушы жүретін. ТЖ режимі аяқталғаннан кейін автобустар біртіндеп іске қосылып, қоғамдық көлік қозғалысының уақыты да тиісінше ұзартылып отырды. Алайда біз азаматтардың денсаулығы, қауіпсіздігі үшін қоғамдық көлікті тағы да уақытша тоқтата тұруды жөн көрдік. Оның қашан қайта іске қосылатыны әзірге белгісіз. Эпидахуалға байланысты болады», – деді ол. Сондай-ақ қала басшысы қоғамдық моншалардың карантин кезінде істемейтінін айтты. «Балабақшалар да – вирус таралуы мүмкін орталардың бірі. Сондықтан тәрбиешілер мен балалардың қауіпсіздігі үшін балабақшалардың да жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге уақытша жұмысынан босаған мамандардың жағдайын қарастырдық. Жұмыс берушілерге мамандарын ең төменгі жалақымен қамтамасыз етуді қарастыруын сұрадық. Сонымен қатар жұмыс берушілер мекеменің жұмысы уақытша тоқтаған уақытта мамандарын ақылы еңбек демалысына жіберу сияқты нұсқаларды қолданатын болады», – деді А.Көлгінов.