Бас мүфти жаназаға аз адам баруды насихат етті
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн брифингте жаназа жайлы өз кеңесін берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. "Қазақ халқының тарихында көптеген сын сағаты болды. Біз бірігіп, бір болып, барлық сыннан өтіп келе жатқан ұлы халықпыз. Алла қаласа, бұл сынақтан да өтеміз. Бүгін ғана Елбасымыз ел болып бірігіп, бұл сынақты міндетті түрде жеңеміз деп айтты. Мемлекет басшысы да талай жиын өткізіп, осы мәселенің шешілуіне көптеген шешім қабылдап жатыр", деді Бас мүфти. Ол өз сөзінде қазір карантин талаптарын қатаң сақтау маңызды екенін айрықша айтып өтті. "Қазақтың салтында адам дүниеден өткенде топырақ салу деген дәстүр бар. Бірақ мынадай уақытта осы дәстүрлерге түсіністікпен қарап, өзге адамдардың аман болуына үлес қосайық", деді Наурызбай қажы. Сөзін жалғай отырып, Абай заманындағы індет кезінде ұлы тұлғаның молдаларға айтқан кеңесін тілге тиек етіп өтті. "Ол заманда молдалар, имамдар жаназа, жетісі, қырқы сынды жиындарды өткізбеуге шақырып, халықты аман алып қалуға тырысты. Қазіргі заманда да той-жиындарды уақытша тоқтатайық. Адамның өмірі болған соң өлімі де болады. Қайғылы оқиға болып қалғанда жақындарымен, аз адаммен атқарып, дұғада болсақ, ағайын. Қазақ халқында бата беру деген жолдар бар. Оны қазіргі уақытта бармай-ақ қашықтан беретін мүмкіндіктер бар. Барынша түсіністікпен қарайық", деді Наурызбай қажы Тағанұлы