Президентке хат: Волонтер экологиялық туризмді дамыту жобасын қолдауды сұрады 

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Президентке хат: Волонтер экологиялық туризмді дамыту жобасын қолдауды сұрады 
ашық дереккөз

Қоршаған ортаны қорғау мәселесімен айналысатын волонтерлер Қазақстан Президентінің атына Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экологиялық туризмді дамытуға арналған жобаны қолдау туралы хат жолдады, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Іле Алатауы ұлттық паркі жанындағы қоғамдық кеңесте уәде бергенімдей,  біз ел Президентіне ашық хат жолдадық. Менің атымнан. Не үшін? Біздің атқарып жатқан ісімізге кедергі келтірмеуі үшін. Ұлттық парк аумағында табиғат та, адам да қауіпсіз болуы тиіс. Міне, біз жастармен бірге күн-түн демей, жұмыс істеудеміз», – деді волонтер Әсел Исанова.  Волонтердің пікірінше, Ұлттық паркті басқаруда шешім қабылдауды талап ететін мәселелер пісіп-жетіліп отыр. «Сізге осы хатты жазу себебім, біз, туристер көптеген жылдар бойы көптеген қиындықтармен бетпе-бет келудеміз. Мәселен, Ұлттық парк аумағында болу мәдениеті мүлде дамымаған; күн санап көбейген туристер ағыны басқарылмайды әрі олардың арасында өлім-жітім көп; таулы жерде бақылау-құтқару бекеттері орнатылмаған; жұртшылықтың тауға көтерілуіне коммерциялық көмек беретін тау гидтерінің қызметін реттейтін, оның құзыреті мен тәжірибесін растайтын заң қабылданбаған; паркке кіретін және адам көп жиналатын жерде бірыңғай негіздегі инфрақұрылым жасалмаған. Сол себепті біздің "Turanga group" командасы инфрақұрылым қалыптастыру және экотуризмді дамыту ғана емес, ең алдымен, еліміздің келешегіне қажет игі істерді іс жүзіне асырғысы келетін адамдарға арналған алаңқай құру жоспарланған жобаны сіздің жан-жақты қолдайтыныңызға сенеді. Біз табиғат аясында болу мектебін («Тамыр») және волонтерлер қозғалысын жоспарлаудамыз. Аталған екі жоба да табиғатқа деген саламатты көзқарасты, қауіпсіз демалу мәдениетін дамытуға арналған. Бұл жоба туған жердің тағдырына бей-жай қарамайтын барлық адамдардың күш-жігерін бір жолға біріктіруге мүмкіндік береді. Іле Алатауы ұлттық паркінде кездескенше!» – деді волонтер.  Айта кетсек, Іле Алатауы ұлттық паркінде экологиялық туризмді қоршаған ортаға зиян келтірмей дамыту жөніндегі бас жоспарды іске асыру жоспарлануда. Ұлттық парк жанында Қоғамдық кеңес құрылып, оған қоғам белсенділері, табиғатқа бей-жай қарамайтын азаматтар, ғалымдар, сарапшылар кірді. Өткен аптада Қоғамдық кеңес Ұлттық парктегі эко-туризмді дамыту жобасын қолдады. Жобада тегін әжетхана, түрлі жастағы адамдарға арналған тау жолдары, құтқарушылар қызметін құру, тегін анықтама беретін сапарлау орталығын, көру алаңқайларын салу қарастырылған. Паркке кіру тегін болып қалады. Инвестор 4 жыл ішінде аталған жобаға 12 млрд теңге салуды жоспарлауда. Барлық 34 жер учаскесін мемлекет жалға емес, уақытша пайдалануға береді. Яғни, жерге мемлекеттік акті берілмейді. Бұл ретте аталған учаскелер ұлттық парктің туризмді дамытуға рұқсат етілген аймағында орналасқан. Парктің көп бөлігіне қол тигізілмейді. Мамандардың сөзінше, жобада күрделі құрылыс пен бетон пайдалану көзделмейді. Барлық салынатын нысандар жеңіл әрі уақытша қолдануға арналған.