А.Цой: Еліміздегі 348 медициналық ұйымда COVID-19 инфекциясымен күресу үшін 26 мың орын ашылды
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде COVID-19 инфекциясын емдеу үшін қанша төсек орын ашылғанын, сол сияқты ИВЛ аппараттарының саны жайлы мәлімет берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Науқастар стационарлық емге және жасанды тыныс алуға көбірек мұқтаж. Бүгінде стационарлардағы орынның толу көрсеткіші еліміз бойынша шамамен 60 пайызды құрайды. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында бұл көрсеткіш 90 пайызға жетіп отыр. Еліміздегі 348 медициналық ұйымда COVID-19 инфекциясымен күресу үшін 26 мың орын ашылған болатын. Тамыз айының соңына дейін стационарларда 10 мың төсек орын ашу жоспарланып отыр. Оның құрылымында жабдықталған жан сақтау бөлімшесі, ӨЖЖ аппараттары қойылған қарқынды терапия палаталары қоса ашылады», - деді министр. Ведомство басшысы өз сөзінде ӨЖЖ аппарттарының санына тоқталып өтті. «Мұндай аппараттардың жұмыс істеп тұрған жалпы саны – 3 294. Соңғы айда 907 аппарат сатып алынды. Қосымша 1 000-ға тарта аппарат сатып алу жоспарланып отыр», - деді Алексей Цой.