«Жасыл ел» еңбек жасағының XVI маусымы 1 200 жасты жұмыспен қамтиды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Жасыл ел» еңбек жасағының XVI маусымы 1 200 жасты жұмыспен қамтиды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211580373563113.webp)
Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмысқа кімдер орналаса алатынын, жоба аясында қандай өзгерістер орын алып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
«Жасыл ел» жобасы – жыл сайын жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған үздік жобалардың бірі. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 16 еңбек маусымы өз жұмысын бастады. Бұл жоба жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес белгілі бір квота аясында жүзеге асырылады. Мысалы, өткен үш жылда (2019, 2018, 2017 жылдарғы) жыл сайын 975 адамды жұмыспен қамтып отырған. Жобаның сұранысқа ие, жастар арасында танымал екенін ескере отырып, алдағы 3 жылға (2020, 2021, 2022 жылдарға) жылына 1 200 жасты қамтуды жоспарлап, индикаторды бекіттік», - деді ол.
Сөз арасында ол бұл жобаға кімдердің қатыса алатынын мәлім етті.
«Ең алдымен, заңға сәйкес 14-29 жас аралығындағы кез келген санаттағы жастың қатысуына мүмкіндігі бар. Бірақ қазіргі уақытта негізінен көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар кеңінен тартылуда. Атап айтар болсақ, жастар үш санат бойынша жұмыс істейді. Оның біріншісі көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан. Олардың жасы 14-17 жас аралығын құрайды. Екінші санатқа 17-22 жас аралығындағы студенттер жатады. Үшінші санатқа ересек топ, яғни жұмыссыз жастар кіреді. Олардың жасы – 18-29 аралығында», - дейді спикер.
Бұған қоса ол жоба аясында орналасқан жастардың жұмыс кестесі жайлы қозғап өтті.
«Алғашқы санаттағылардың арасында кәмелетке толмағандары болғандықтан Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулықтарына зиян келмейтін, ауыр емес, еңбекке баулуда күніне 4 сағаттан артық емес, аптасына 5 күн режиммен жұмыс істейді. Бұл жастар бізде қаладағы саябақтарда, өздері оқитын білім ошақтарында, яғни мектептің ауласын, оған жақын маңды көгалдандыру жұмысын атқаруда. Ал екінші топтың 17-19 жас аралығындағылар қаланың саябақтарында жұмыс істеп жатыр. Көгалдандыру жұмысын «Астана ЗеленСтрой» компаниясымен бірлесіп атқарып жүр. Олардың жұмыс уақыты кәмелетке толмағандар үшін күніне 4 сағаттан аспайды, ал 18 жастан асқандары 6-8 сағат жұмыс істейді», - дейді Б.Жүнісбеков.
Сөз арасында үшінші санаттағы 18-29 жастағылар Еңбек кодексіне сай толық жұмыс істейді.
Ал карантин тәртібіне сай жоба аясында жұмыс істеп жүргендерге қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін бе?
«Карантинге сай, жұмыс талаптары өзгерді. Санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Таза, ашық аспан астында, арақашықтықтары 2 метрден кем емес жерде отыру секілді талаптары үйлестірілді. Жобаға қатысушы жастар бетперде, қолғап киіп жұмыс істейді. Сол сияқты ауа райы да ескеріледі. Егер күн райы жұмыс істеуге кедергі келтіретіндей болғанда алгоритмге сай қысқартылып, кейінге шегеріледі», - дейді бөлім басшысы.
Студенттердің қай орындарда жұмыс істейтіні және келісімшарт жасалатыны белгілі болды.
«Студенттер екі нысанда жұмыс істейді: қаладағы саябақтар мен құрылыс нысандары. Құрылыс нысандарында жастар мамандардың көмекшісі ретінде әрі әртүрлі жұмысшы ретінде қызмет етеді. Әрбір жаспен келісімшарт жасалып, онда көрсетілгендей қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталады. Жоба сұранысқа ие болғандықтан жұмыс 10 маусым күні басталды. Енді 10 шілдеге дейін 1000-ға жуық жас жұмыс істейді», - дейді Бақытжан Жүнісбеков.
Өз сөзінде кәмелеттік жасқа толмағандар бір ай көлемінде жұмыс істесе, ересектері үш айға дейін еңбек ететінін мәлім етті.
Жастар өздері жұмыс істейтін орыннан жалақы алса, «Жасыл ел» жобасы қосымша 35 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындайды. Бұған қоса, отандық компания шығарған арнайы экипировка беріледі.
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)
![Қазақстандықтар «Жұмысшы мамандықтар қаласына» бара алады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173924044642354032.webp)
![Елордалық әкелер одағы ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173919538225400543.webp)