СІМ басшысы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бейнеконференциясында сөз сөйледі
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «COVID-19 індетіне қарсы күрестегі ынтымақтастық» тақырыбында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша халықаралық ынтымақтастық туралы жоғары деңгейдегі бейнеконференция жұмысына қатысты, деп хабарлайды Елорда Инфо ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, іс-шараға халықаралық ұйымдардың (БҰҰ, ДДСҰ) басшылары және ТМД, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропа және Солтүстік Африка елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысты.
Бейнеконференцияға қатысушылар COVID-19 эпидемиясымен күресу шаралары мен өзара ынтымақтастықты талқылап, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша экономиканы қалпына келтіру және жобаларды одан әрі іске асыру жөнінде пікір алмасты.
М.Тілеуберді өз сөзінде COVID-19-бен күресте практикалық ынтымақтастықты нығайтудың және «Бір белдеу, бір жол» елдерінің экономикаларын жедел цифрландыруды ынталандырудың қажеттілігін мәлімдеді.
Қазақстан «Денсаулық сақтаудың Жібек жолын» құру және «Сандық Жібек жолын дамыту» бастамаларын қолдады. Осы тұрғыда Министр Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын транзиттік және көліктік хаб ретінде маңызды рөл атқаруға дайын екенін атап өтті.
Іс-шараның нәтижесі бойынша қатысушы елдердің барлығына коронавирустық індет жағдайында халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы жаһандық экономиканы жедел қалпына келтіруге ықпалдасуға шақыратын Бірлескен мәлімдеме қабылданды.