Орталық Азия елдерінде баламасы жоқ Астанадағы ат-сауықтыру кешені туралы не білеміз
Астанада және жалпы елімізде ат спорты үшін еш теңдесі жоқ заманауи спорт ғимараты «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені өткен жылы ашылған болатын. Бұл спорт кешенінің ерекшелігі туралы білу үшін Elorda.info тілшісі ат-сауықтыру орталыға барып қайтты.
«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені өзінің бірегейлігі мен функционалдығы жағынан таяу шет елдерде, оның ішінде Орталық Азия елдерінде баламасы жоқ.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес құрылымдары бойынша аталған ат спорты кешені бірегей нысандарға жатады. Өйткені, заңнама нормасында көрсетілгендей, аралық ұзындығы 50 метрден асатын ғимараттар бірегей құрылыс санатына жатады.
Өз кезегінде, спорт кешенінің ойын-сауық аймағының аралықтары 60 метрден асады, биіктігі – 12 метр, ал конкур үшін негізгі алаңның өлшемі – 40х80 метр.
Сонымен қатар кешеннің айрықша ерекшелігі – спорт кешенінің барлық аймағында мүмкіндігі шектеулі жандар мен халықтың аз қозғалатын топтарына, әсіресе, арбамен жүретіндер мен тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар үшін қолжетімді болуы.
Мұнда кіреберісте мүмкіндігі шектеулі жандар арбасының мөлшері ескеріліп, барлық жаттығу аумағында олар кіріп-шығатын есіктің орны да кең қылып орналастырылған. Бұдан басқа, ғимаратта ерекше қажеттіліктері бар балалардың жаттығу процестері кезінде олардың ата-аналарына арналған күту залдары және жабдықталған медициналық кабинеттер де бар.
Спорт кешені жауапкершілік деңгейі жоғары (I деңгейдегі ) нысанға жатады. Өйткені бұл спорттық-сауықтыру кешенінің жабық аренасында бір уақытта 600 көрермен, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар 60 адам отыра алады. Ал 1232 адам ашық трибунада түрегеп тұра алады, оның ішінде қозғалыс мүмкіндігі шектеулі 120 адам арбамен отыра алады.
Бұл орталық спорт медицинасын, оңалту және қалпына келтіру саласындағы ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. Cпорт кешенінің ішінде жыл бойы жылқы бағуға арналған 50 орындық ат қора бар. Ол жалпы сумен жабдықтауға қосылған жеке автоматты түрде су ішетін құрылғылармен жабдықталған. Жануарлардың кептірінуіне және қыздырынуына арналған жуу және солярийге арналған бөлме бар. Мұнда Астана қаласының климаттық жағдайларында ерекше маңызды болып саналатын D дәрумені тапшылығының орнын толтыру көзделген.
Спорт кешені халықаралық Ат спорты федерациясының (FEI) талаптарын ескере отырып салынған.
Спорт кешенінде халықаралық, республикалық және өңірлік жарыстарды өткізуге болады. Мұнда комментаторлық, журналистерге арналған бөлмелер, қонақтарға арналған VIP-аймақ және 100 адамға арналған конференц-зал, сондай-ақ 80 орындық асхана да бар.
Конкур алаңында шетелден әкелінген арнайы ат спорты топырағы төселген. Бұл топырақтың асты дымқыл болып тұрады.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың иппотерапиямен айналысуы үшін ашылған «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені жақын арада толық жұмыс істей бастайды.
Бүгінде елордада 7,1 мыңнан астам мүгедектігі бар бала тіркелген, олардың мыңға жуығы денсаулығы бойынша және диагнозына сәйкес иппотерапиямен айналысуы қажет.
Иппотерапия сабақтары балалар, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балдырғандардың денсаулығын нығайтып, психоэмоционалды жағдайын жақсартатын пайдалы іс-шараларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Иппотерапия дегеніміз – үйретілген атпен жүру арқылы оңалту әдісі. Иппотерапияның бірегейлігі балалардың психикасына әсер етудің денеге арналған әдістерінің үйлесімінде жатыр. Емдік мақсатта атпен жүру баланың денесіне биохимиялық әсер етеді, оны нығайтады. Ол шабандозға баланың жүру қимылына ұқсас мотор импульстарын береді.