Елордада балалар арасында тұмау өршіп тұр
Елордада қыс мезгілі ұзақ және қазіргі уақытта жұқпалы аурулардың, соның ішінде ЖРВИ мен тұмау маусымы басылған жоқ, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Балалар арасындағы жұқпалы аурулармен күресу» тақырыбында өткен брифингте №3 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Динагүл Баешова айтты.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда елордада балалар арасында ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың 79-ға жуық жағдайы тіркелген. Оның ішінде 6 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.
ЖРВИ 200-ден астам түрдегі вирустардан туындайды, кейбір жағдайларда қоздырғыштардың бірнеше түрі бір уақытта өршуі мүмкін. Оның қатарына тұмау және COVID-19 сынды әртүрлі инфекциялар жатады, сондай-ақ суық тиіп, тұмауға ұқсас белгілермен жеңіл өтуі мүмкін немесе ауыр түрдегі жедел респираторлық инфекция ретінде де кездесуі мүмкін. Суық тиюден туындайтын инфекция әдетте мұрын жолдарының жабылуымен байланысты жеңіл ЖРВИ деп аталады. ЖРВИ-нің әртүрлі қоздырғыштары азды-көпті ұқсас белгілерді тудыруы мүмкін, олар дене температурасының жоғарылауын, қалтырауды, жалпы әлсіздікті, бас ауруын және т.б. қамтуы мүмкін, ал клиникалық көрініс жедел ринит, жедел фарингит, жедел тонзиллит, жедел ларинготрахеит және жедел бронхит түрінде көрінуі мүмкін, – деді дәрігер.
Динагүл Баешованың сөзіне қарағанда, аурудың алғашқы ерте белгілері әдетте тез өршиді.
Көп жағдайда респираторлық вирустық инфекциялар жеңіл ауру түрінде жүреді және өздігінен өтеді, өйткені иммундық жүйе ағзаны вирустан өздігінен тазартады. Аурудың ауыр жағдайлары вирустар төменгі тыныс жолдарына еніп, инфекция бронхиттен басқа вирустық пневмонияға және жедел респираторлық дистресс синдромына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, вирустық респираторлық инфекциялар созылмалы аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін. Әлсіреген организм, қатар жүретін патология, қоздырғыштың жоғары вирулентті штамдары, жеткіліксіз емдеу жағдайында ЖРВИ синусит, евстахит, отит, мастоидит, тонзиллит (аденоидит), кейбіреулері тұмау және менингит, энцефалитпен асқынуы мүмкін. Симптомдар вирусқа, жасына, созылмалы аурулардың болуына және бұрын жасалған иммундауға байланысты өзгеруі мүмкін. Ауру кезінде төмендегі белгілер кездесуі мүмкін: ауру, қалтырау, дененің қызуы, мұрыннан су ағу, түшкіру, мұрын бітелуі, тамақ ауруы, дауыстың қарлығуы, жөтел, бас ауруы, бұлшықет ауруы, құлақ ауруы, көздің қызаруы (конъюнктивит), фебрильді ұстамалар. Симптомдар ауруды қандай вирус тудырғанын анықтай алмайды, өйткені әртүрлі вирустардағы белгілер бір-біріне ұқсас болып келеді. Жоғарғы тыныс жолдарының инфекцияларының белгілері ерте және кеш деп жіктелуі мүмкін. Аурудың алғашқы ерте белгілері әдетте тез өршиді, 1 немесе 2 күнге созылады және бас ауруы, түшкіру, қалтырау, тамақ ауруы және әлсіздікті қамтиды. Кеш белгілерге мұрынның ағуы, мұрынның бітелуі және жөтел жатады. Суық тиген кезде жөтел әдетте түшкіру кезеңінен кейін пайда болады, – деді инфекционист.
Осы орайда маман аурудың алдын алудың жолдарын көрсетіп, науқастанған жағдайда не істеу керек екенін айтты.
Кішкентай балалардағы фебрильді ұстамалар өте сирек кездесетін аурудың белгісі болып табылады. Олар 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалардың 2-5%-да 38 °C дене қызуы кезінде пайда болуы мүмкін. Дәрігерге жедел қаралуды қажет ететін қауіпті белгілер де бар: аурудың фонында жағдайдың нашарлауы, ентігу, тыныс алудың қиындауы, сананың шатасуы, тоқтаусыз құсу салдарынан сұйықтықты ағзаға жеткізе алмау, сусыздану белгілері (мысалы, тұрақты бас айналу немесе сирек зәр шығару). Амбулаториялық деңгейде жеңіл ауыруға шалдыққан және ЖРВИ орташа ауыр түрлерімен (5 жастан асқан) балалар ем алады. Тамақтың ауырсынуын жеңілдету және жөтелді жеңілдету үшін жылы сусын ішу ұсынылады, – деді дәрігер.
Осы орайда инфекционист-дәрігер төменде бірнеше кеңес ұсынды:
жартылай төсек режимі (бүкіл дененің қызу кезеңінде);
диета: жылы сусын ішу (сүт - өсімдік негізіндегі диета);
науқастың гигиенасы - ауыз қуысының, көздің шырышты қабығына күтім жасау, мұрынды таза ұстау.
38,50 С-тан жоғары гипертермиялық синдромды тоқтатуға арналған емдеу: кем дегенде 4 сағат аралықпен парацетамол 10-15 мг/кг мөлшерінде қабылдау немесе 5-10 мг/кг дозада ибупрофен 3 реттен артық емес қабылдау.
ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың қарапайым шараларын сақтау керек.
Адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе, жабық кеңістіктерге баруды шектеу;
Үй мен кеңсені үнемі желдету;
Қолды таза ұстау үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану;
Науқас адамдармен байланысты шектеу;
Тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер) жібермеу;
Уақтылы медициналық көмекке жүгіну.