Алтай Көлгінов: Elorda Aqparat – бас қаладағы жаңалықтар жаршысы (ФОТО)
Кездесуге әкіммен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, қалалық басқармалардың, аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары келді.
Айта кетейік, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің құрамына «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері мен «Elorda.info» желілік басылымы кіреді.
30 жылдан астам тарихы бар бас қаланың басты басылымдары – «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттері 1990 жылдан бастап шығады.
Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының, әкімдіктің жұмысын, қаладағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда түрлі бастамалардың жүзеге асыру барысын ақпараттық қолдауда медиахолдингтің рөлі маңызды екенін баса айтты.
Бас шаһардың тынысына айналып үлгерген ұжым қызметкерлеріне жүктелетін міндет қашан да жауапты әрі күрделі.
Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер бас қаладағы жаңалықтың жаршысына айналдыңыздар. Күні кеше ғана Мемлекет басшысының Алғыс хаты «Вечерняя Астана» қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымына табысталған болатын. Мұны естіп, қуанып қалдым. Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазіргі ақпарат майданында жалған ақпаратты таратушылар көбейіп кетті. Осындай қиын жағдайда жаңалықтарды объективті түрде беруде кәсібилік маңызды. Ақпарат ағынына ілесу өте үлкен еңбекті талап етеді. Біздің атқарып жатқан жұмыстарымыз елордалықтарға сіздер арқылы жетеді. Бұл ұжым қала тұрғындары мен әкімдіктің арасын жалғап тұрған көпірге айналды, - деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, қала әкімі редакцияға келіп, басылымдардың тарихымен және сайттың жұмысымен жіті танысып шықты.
Редакция жұмысымен танысу барысында Elorda.info сайтына жыл басынан бері кірушілер саны 1,16 млн адамға жеткенін байқадым. Тіпті, сайт жаңалықтары республикалық телеарналардан да беріледі. Бұл – жақсы көрсеткіш. Еңбектеріңіз жана берсін. Шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін, - деді қала әкімі.
Мерекелік жиын барысында елорда әкімі Алтай Көлгінов медиахолдинг қызметкерлері мен әкімдіктің, қала басқармасының, аудан әкімдіктерінің баспасөз хатшыларына құттықтау хат табыстады.
Сонымен қатар кездесуде әкім ұжым қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Олардың проблемаларын, оның ішінде ұжым қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін шешуге уәде етті.
Мұндағы тілшілеріміз күнделікті жедел әрі сенімді ақпарат таратып, түрлі тақырыптағы мәселелерді қозғайды. Ұжым қызметкерлері пандемиямен күрес, қаңтар оқиғасы, референдум кезінде де қала тұрғындарын сенімді және өзекті ақпараттан хабардар етіп, алдыңғы шепте қызмет етті.
Сондай-ақ, медиахолдинг басшысы Ерлан Қарабалаев та өз құттықтауын жеткізді.
Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын. «Elorda Aqparat» медиахолдингін үздік республикалық БАҚ-тың бiрi деп есептеймін. Біздің ұжым біраз жетістікке жетті. Атап айтсақ, «Вечерняя Астана» қоғамдық-саяси газеті Мемлекет басшысынан алғыс хат алды. Мұнда әр адамның еңбегі, төккен тері бар. Бағындырар белестеріңіз көп болсын. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, - деді Ерлан Қарабалаев өз құттықтауында.
Ол жиын соңында «Вечерняя Астана» газеті бас редакторының орынбасары Шолпан Ақбалаева мен «Астана ақшамы» басылымының шолушысы Аманғали Қалжановқа «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
P.S. Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қашан да қадірлі әрі құрметті! Мерейлі мереке құтты болсын, ұшқыр қалам иелері!