Елордада мектеп, көше және аллеяларға тарихи тұлғалардың есімі беріледі
Қала мектептеріне Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов, Алаш қозғалысының белді мүшесі, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев, Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі, қазақтың әйгілі күйші-композиторы, домбырашы Тәттімбеттің есімдері берілетін болады.
Сонымен қатар құрамдас бөліктерге көрнекті мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджанов, мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаев, Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сафуан Шәймерденов, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, композитор, симфониялық күй жанрының негізін қалаушы Еркеғали Рахмадиев, жазушы Хамза Есенжанов, Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков, жазушы, әдебиет зерттеушісі Ақселеу Сейдімбек, қоғам қайраткері, ағартушы, шығыстанушы, қазақтың алғашқы Конституциясының авторы Барлыбек Сырттанұлы, әдебиетші, сыншы Тұрсынбек Кәкішев және т.б. тұлғалардың есімдерін беру туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұдан басқа Абылай хан даңғылында, Дина Нұрпейісова ескерткішінің жанында орналасқан атаусыз аллеяға «Қазақ елінің күйшілері мен күйші-композиторларының аллеясы» атауы, Сыртқы істер министрлігі ғимаратының алдында орналасқан атаусыз аллеяға мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, дипломат Нәзір Төреқұловтың есімі берілетін болады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында атау берілген құрамдас бөліктердің жалпы саны – 1 119, оның ішінде даңғыл – 17, көше – 789, қысқа көше – 309, тасжол – 4. 1997 жылдан бері бүгінгі күнге дейін елордамыздың моральдық тұрғыдан ескірген 412 көшесі қайта аталып, 456 жаңадан пайда болған құрамдас бөліктер атауларға ие болды.