Жаңармайтын сайттың қажеті не?

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жаңармайтын сайттың қажеті не?
ашық дереккөз

Мәселен, елордадағы Есіл ауданы әкімдігі сайтынан ауданның тыныс-тіршілігі жайында ақпарат алу мүмкін емес. Өйткені сайттың жаңалықтар жариялауға арналған бөлігі іске қосылмаған. Сондай-ақ сайттың қазақша нұсқасындағы кей мәтіндерде ресми тілге көп басымдық берілген. Аудан әкімі орынбасарларының міндеті, жетекшілік ететін салалары туралы мәліметтердің де кейбірі қазақ, кейбірі орыс тілінде жарияланған. Сол секілді Сарыарқа ауданы әкімдігінің сайтынан да мардымды ақпарат таба алмадық. Ал алдыңғы аудандарға қарағанда сәл белсенді Алматы ауданы әкімдігінің ресми ресурсындағы соңғы ақпарат 23 маусымда жарияланған екен. Мұнда Алматы ауданы әкімдігінің Полиция және мемлекеттік қызметкерлердің төл мерекесімен құттықтағаны сөз болыпты. Аталған аудандағы сайтқа жауапты маман 23 маусымнан бергі аралықта кәсіби мерекелерді былай қойғанда, елорда күнінің аталып өткенінен хабарсыз болуы керек. Аудандар арасынан күнделікті тыныс-тіршілігі жайында мазмұнды ақпарат жариялайтын Байқоңыр ауданын ерекше атап өтуге болады. Ал қала әкімдігіне қарасты басқармалардың ішінен Қоғамдық денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, Ішкі саясат, Жастар саясаты мәселелері, Мәдениет басқармаларының белсенділігі жоғары. Сайттағы жаңалықтарды ұдайы жаңартып, оны қазақ және орыс тілдерінде қатар таратып отырған мекемелерді өзге әріптестеріне үлгі етуге болады. Қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі маңызды салаларға жауапты басқармалардың сайттары не себептен қалың ұйқының құшағына енгені түсініксіздеу. Мәселен, елорда әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының сайтындағы соңғы жаңалық 4 маусымда жарияланыпты. Қаржы, Активтер және мемлекеттік сатып алу, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының да ресми ресурстарына 4 маусымнан соң ешқандай өзгеріс енгізілмепті. Бір қызығы, қаланың қаржы-экономика секторына жауапты басқармалардың үшеуінің де сайты бесінші актуарлық Мәскеу форумы мен азаматтардың біржолғы зейнетақы төлемін алу құқығы туралы ақпарат таратумен шектеліпті. Ресми сайттарындағы ақпаратты тұрақты жаңартып отырғанымен, ондағы мәтіннің сапасына мән бермейтіндер де баршылық. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтында салаға қатысты ақпараттар ұдайы жарияланады. Десе де, басқарманың мамандары сайтпен жұмыс істеу оған ақпаратты жариялап отыру деп қана білетін сияқты. Өйткені сайттың қазақ тіліндегі нұсқасында берілген 15 ақпараттың төртеуі ғана ана тілімізде жарияланыпты. Есесіне сайттың ресми тілінде мұндай олқылық байқалмайды. Сайттың қазақ тіліндегі нұсқасында ресми тілге басымдық берудің мысалын Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, Қаржы, Дін істері, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларының ресми сайттарынан көруге болады. Ең сорақысы, қазақтілді желі қолданушысы Дін істері, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларының ақпараттарымен таныса алмайды. Өйткені бұл мекемелердің ресми ресурстарының қазақ тіліндегі нұсқасында ешқандай ақпарат жоқ. Ал оның ресми тілдегі нұсқасына өтсеңіз, салаға қатысты соңғы жаңалықтармен орыс тілінде танысуға болады. Кейде қала әкімдігінің кей басқармаларының ресми сайттарындағы ақпараттардың жариялану мерзімі жауапты мамандардың сайтты жаңартуға жылына 1-2 рет қана көңіл бөле ме деген ойға жетелейді. Мәселен, елордалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ресми сайтындағы соңғы ақпарат 11 тамыз­да жарияланған. Оның алдындағы ақпараттың өткен жылдың 15 қыркүйекте жарық көргенін ескерсеңіз, 1 жыл ішінде басқарманың бас қала тұрғындарымен бөлісетін ақжолтай хабары болмаған деуге болады. Сол секілді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, Құрылыс басқармаларының да сайтпен жұмысқа 2 айда бір көңіл бөлетіні аңғарылады. Ең қызығы, желі қолданушыларына елордалық спортшылардың жұрт тамсанған жетістігі мен қолжетімді спорт нысандар туралы ақпарат ұсынуы керек. Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайтында жаңалықтарға арналған бөлім мүлдем іске қосылмаған. Жыл он екі ай елорданың білім саласындағы соңғы жаңалықтарды жариялауы тиіс Білім басқармасы сайтының бос жұмыс орындары жайында ресми ақпар берумен ғана шектелгені де ақылға қонымсыз. Аталған басқармаларда қызмет етіп, қас-қабат шаруаның бел ортасында жүрген мемлекеттік қызметкерлердің бұл сыннан қандай қорытынды шығарары белгісіз. Тіпті олардың кейбірі үшін сайтты жаңарту, ондағы ақпараттарды екі тілде рет-ретімен дер шағында жариялау ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда біздің айтпағамыз басқа. Ретін тауып қолдана білгенге ресми сайт кез келген мекеменің жұмысы жайында ресми мәлімет беріп, азаматтармен кері байланыс орнатудың онлайн платформасына айнала алады. Ал керісінше сайт жұмысына немкетті қарау мекеменің имиджіне әсер етуімен бірге мемлекеттік қызметтегі ашықтық принципіне қайшы келеді. Мемлекет басшысының өзі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы бастама көтеріп, оны іске асыруға күш салып жатқан кезде ресми сайттардың жұмысының ақсап тұрғаны жарамайды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ