Елордаға дәстүрлі жәрмеңкенің алғашқы өнімдері жеткізілді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордаға дәстүрлі жәрмеңкенің алғашқы өнімдері жеткізілді
ашық дереккөз

Жәрмеңке «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындары азық-түлік өнімдерін арзан бағада сатып ала алады.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласына Түркістан облысының 50-ге жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі 500 тоннадан астам өнім жеткізіп отыр. Бұл тауарлар нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан. Біз негізінен көкөніс, жеміс-жидек, мал шаруашылығы өнімерін, құс етін әкеліп отырмыз», - деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Бақтияр Сатыбалдиев.

Түркістан өңірінде Қазақстанда өндірілген өнімнің жалпы санынан 100 пайыз мақта, 76 пайыз жүзім, 59 пайыз бақша өнімдері, 40 пайыз жеміс, 33 пайыз мақсары майы, 25 пайыз көкөніс және 25 пайыз жүгері өндіріледі. Ірі қара мал етінің экспорты бойынша облыс республика бойынша бірінші орын алады.

«Біз экологиялық таза, сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп отырмыз. Елорда тұрғындарының басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілген көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт секілді өнімдерді сатып алғанды жөн көреді. Түркістанның жері құнарлы, суы таза. Сол себепті тағам өнімдерінің дәмі де ерекше. Елорда тұрғындарына тауарларымыз ұнайтынына сенімдімін», - деді Бақтияр Сатыбалдиев.

Түркістандық өнімдердің 99 тоннасы – ет және ет өнімі, 75 тоннасы – сүт өнімі, 152 тоннасы – көкөніс, 21 тоннасы – жеміс-жидек, 23 тоннасы – картоп, 20 мың данасы – тауық жұмыртқасы, 11 тоннасы – балық, 2 тоннасы – бал, 31 тоннасы – кептірілген жеміс пен түрлі консервілер, 8 тоннасы – басқа өнімдер.