Есіл өзенінің ластануы мен тартылуына кім кінәлі?

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Есіл өзенінің ластануы мен тартылуына кім кінәлі?
ашық дереккөз

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы өзенді жасанды жолмен қақ жарып, құмнан өткел тұрғызу заңға қайшы деседі. Өйткені құмнан төселген өткел маңында өзен тартылып, айналаны қолқаны қабатын иіс жайлап кеткен.

«Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің департаменттері, жергілікті департаменттер тексеріс жүргізіп, осы мәселенің шешімін қолға алуы керек. Яғни біз өзенді осылай қақ ортасынан бөліп, табиғатқа қиянат жасамауға тиіспіз», - дейді қауымдастық төрайымы Лаура Мәлікова.

Жалпы Су кодексіне сәйкес, өзеннің жағалауынан 35 метрге дейін қорғаныс аймағы құрылуы шарт. Өзен экологиясын сақтау мақсатында онда қандай да бір шаруашылық мақсаттағы жұмыс жүргізуге тыйым салынған. Алайда құзырлы орган мамандары басқаша уәж айтады.

«LRT компаниясына аумақтық бассейндік инспекциясы құрылыс жүргізуге тиісті рұқсатын берген. Су кодексінің нормаларына сәйкес, өзен үстінен өтетін көпір, өткел немесе коммуникациялық желі салуға тыйым салынбаған. Оған қоса, жобалау сатысында атқарылған жұмыстар әу бастан біздің келісіммен жүргізілді. Көпірді тұрғызуға қажет техниканы өткізу үшін бұл өткел уақытша ғана салынған», - дейді Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев.

Ал Есіл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Серікжан Бекетаевтың айтуынша, олар жиналған судың есебінен мамыр-маусым айларында Есіл өзенінің деңгейін ұстап тұрған. Алайда кейін ол су таусылып тынған. Оған қоса, Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жылдағы мониторингін жүргізіп, Есілдің қатты ластанғанын анықтап отыр. Судың түсі өзгеріп, химиялық құрамы нашарлай түскен.

«Есілдің су сапасына негізі су қоймасындағы тазару үдерісінің нашарлағаны әсер етуі және қалалық кәріз жүйесінен ағызылатын жаңбыр суынан да болуы мүмкін. Оған қоса жер үйлер мен кәсіпорындардан ағызылатын лай су да өзендегі судың сапасын нашарлатуға бірден-бір себеп», - дейді қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық департамент бөлімінің басшысы Әлсия Кашкенова.

Ең сорақысы, қала тұрғындары осы өзеннен балық аулап жеп жүр...