ТЖД: Су тасқынының алдын алу жұмыстарына жеке құрамнан 663 адам және 185 техника дайындалды
2021 жылғы су тасқыны кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 29 су тасқыны қаупі бар учаске анықталды, яғни 2019 және 2020 жылдармен салыстырғанда 8 учаскеге азайды. «2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қала аумағынан 1 537 404,00 м3 қар шығарылды, бұл ретте 11 полигоннан толтырылған және жабылған қар жоқ екені анықталды. Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ға ден қою жағдайында қала әкімдігі жергілікті ауқымдағы ТЖ-ны жоюға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Азаматтық қорғау органдарының құрамында жеке құрамнан 663 адам және 185 техника тұрақты дайындыққа келтірілді», деп көрсетті Есен Байыров. Департамент қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні 16 рейдтік іс-шара өткізіп, 1500-ден астам үйді аралаған. Сонымен қатар Білім басқармасымен бірлесіп, қардың еруі және мұздың жарылуы кезеңінде жасөспірімдер мен балалар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 1500-ден астам адамды қамтитын интерактивті сабақ өткізілген.