Төлем картасын қабылдайтын отандық кәсіпорындар саны бір жылда екі есе өсті
Пандемия шағын және орта бизнес жұмысына біршама өзгеріс әкелгені баршаға аян. Бүкіләлемдік індеттен дәл осы сектор ең көп зардап шекті. Оқшаулану мен локдаундар режимі шағын компаниялар жұмысына әлі де кедергі келтіріп жатыр. Біраз кәсіпкер өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Мысалы, биылғы тамыздағы жағдай бойынша жұмысы тоқтап тұрған шағын кәсіпорындар саны 19 300-ге дейін көбейген. Алайда көптеген компания қазіргі ахуалға бейімделіп те алды. Қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін қолданудың арқасында кәсіпкерлер өз жұмысын онлайн режимге ауыстырды, ал бұл ел экономикасының жақсаруына алып келді. 2020 жылдың ортасы мен соңы аралығында белсенді шағын бизнестер саны азайғанымен, биылғы қаңтардан бастап қайта көбейе бастағаны байқалады – нақтырақ айтсақ, бұл көрсеткіш 2,8%-ға артқан. Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, төлем картасын қабылдайтын кәсіпорындар саны 210 800-ді құрады. Бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда (101 500 компания) 2 еседей артық. Осылайша өз жұмысын автоматизациялап жатқан кәсіпорындар санының өсе түскенін көруге болады. Сондай-ақ POS-терминалдар саны да бір жылда едәуір, дәлірек айтсақ, 86,9%-ға артты. Өңірлерге шақсақ, төлем картасын қабылдайтын сауда ұйымдары көбіне Алматыда (51,4 мың), Нұр-Сұлтанда (34,8 мың) және Қарағанды облысында (16,6 мың) шоғырланған.