Қазақстандағы проблемалық несиелер көлемі 800 млрд теңгеге дейін азайды
Несие портфелінің айтарлықтай өсімі шеңберінде оның сапасы да едәуір жақсарды. Нақтырақ айтқанда, маусым айының соңында төленбегеніне 90 күннен асқан несиелер саны алғаш рет 1 трлн теңгеден азайып, 800 млрд теңгені құрады. Осылайша NPL 90+ үлесі несие портфелінің 7,2%-дық үлесінен 4,8%-дық үлесіне дейін төмендеді. Мұндай жағдай соңғы он жылда отандық банк секторында болмаған-ды. Мәселен, былтырғы дәл осы кезеңде оның үлесі 9,0% болған. Ал 2010-2014 жылдары тіпті 25%–32%-ға дейін жеткен. Қазіргі таңда регулятор несие портфеліндегі NPL 90+ деңгейін 10%-дан асырмайды. «Зиянды» несиелер көлемінің едәуір азаюына отандық банктер бірінің (Jusan Bank) проблемалық несиелердің бір бөлігін есептен шығаруы себеп болып отыр. Сондай-ақ мерзімі өткен несиелер көлемінің азаюына несие портфеліндегі NPL 90+ үлесі 88%-дан асып кеткен Capital Bank Kazakhstan лицензиясының қайтарылуы да әсер еткен. Мұнымен қоса, екінші деңгейлі 20 банктің 18-і несие портфелі бойынша көрсеткіштерін жақсартқан», – деп мәлімделген зерттеуде. Жалпы, кейінгі жылдары «зиянды» несиелер деңгейін төмендету үшін бірқатар шара атқарылды. Мысалы, проблемалық қарыздар көлемінің қысқаруына банктердің AQR іске асыру кезінде активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралары, жекелеген банктердің проблемалық қарыздарды біріктіру процесінде оларды дербес реттеуі, сондай-ақ дәрменсіз банктердің жүйеден шығарылуы себеп болған.