Елімізде 200 мыңнан астам ескі көлік утилизацияланған

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елімізде 200 мыңнан астам ескі көлік утилизацияланған
ашық дереккөз

Сонымен, қазір ескі көлік өткізу көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы алда тұр. Онда кәдеге жаратуға 38 496 көлік тапсырылса, кейінгі орындарға Алматы, Тараз, Қарағанды және Павлодар қалалары жайғасқан. Жалпы, 2021 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша бүкіл өңірден 25 958 жеңіл және 9 219 автобус пен жүк көлігі қабылдап алынған.

«Жеңілдік сертификатын ұсынатын бағдарлама бойынша 2315 ауыл шаруашылығы техникасы қабылданды. Оның ішінде 1 830 трактор және 485 комбайн бар. Бағдарлама басталған 2016 жылдан бері ескі көлігін өткізгендерге 54 700 жеңілдік сертификаты берілді. Ол сертификаттар Қазақстанда шығарылған 29 200 автомобиль сатып алуға пайдаланылды», - делінген хабарламада.

Ескірген көлігін өткізгісі келгендер ұйымның сайтына (recycle.kz) кіріп, электрондық кезекке тұруы керек. 2020 жылдан бастап қабылданатын көліктің өтемін айлық есептік көрсеткішпен есептеу жүйесі енгізілген болатын. Ол қолданыстан шыққан көлік М1 санатындағы болса, 210 мың теңге (72 АЕК), М2 және N1 санатына жатса, 420 мың теңге (144 АЕК), М3 санатына кірсе, 630 мың теңге (216 АЕК) төленеді. Еске сала кетсек, былтырғы қараша айынан бері ӨКМ Операторы қолданыстан шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қабылдай бастады. Тапсырылған ескі комбайндар мен тракторлардың орнына жеңілдік сертификаттары беріледі. Сертификат құны олардың түрі мен жинақталуына байланысты, 560 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін өзгереді.