Қазақстаннан экспортталатын ұнның үштен екісі Ауғанстанға жөнелтілген
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қазақстаннан экспортталатын ұнның үштен екісі Ауғанстанға жөнелтілген](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17210735814558070.webp)
Екі елдің тауар айналымының едәуір бөлігі, яғни 99%-дан астамы экспортқа тиесілі: Қазақстаннан Ауғанстанға 228 млн АҚШ долларына тең тауар жеткізілген. Дәл осы экспорт сегментінде екі ел арасындағы сауданың сәл-пәл бәсеңсігенін байқауға болады, аталмыш көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда 15,7%-ға азайған. "Коронадағдарысты" ескерсек, бұл құбылысқа аса таңдануға да болмас. Өз кезегінде Ауғанстаннан Қазақстанға жасалған импорт көлемі бір жылда бірден 2,3 есе, яғни 1,7 млн АҚШ долларына өсті. Ол жақтан келетін тауарлар қатарында кондитерлік өнім, минералды су, құм, киім-кешек, кран, сорғы, сондай-ақ бекіткіш материалдар бар. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымында ең маңызды экспорттық өнім – ұн болып саналады. 2021 жылдың қаңтары мен маусымы арасында Қазақстаннан сыртқы нарықтарға экспортталған ұнның 65,5%-ы Ауғанстанға жөнелтілген. Сондай-ақ елімізден экспортталатын бидайдың 11,8%-ы да осы елге жіберілген. Мамандар Ауғанстанда қалыптасқан қазіргі қиын ахуал себебінен қазақстандық ұн мен бидай экспортерлары тығырыққа тіреліп қалуы мүмкіндігін айтады. Жалпы, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы байланыс басқа да салалар бойынша дамып келеді. Мәселен, жыл сайын елімізге келетін ауғанстандықтар саны артып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, жарты жылда Қазақстанға 113 адам келген. Бұл ТМД құрамына кірмейтін елдерден келген азаматтардың 15,6%-ын құрайды. Бизнеске келсек, биылғы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, елімізде Ауғанстанның қатысуымен құрылған 384 заңды тұлға тіркелген. Былтырға қарағанда бұл көрсеткіш 21,9%-ға көп. Олардың жартысынан астамы көтерме, бөлшек сауда мен автожөндеу саласында жұмыс істейді.