00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қытаймен арадағы сауда-саттық 24%-ға өсті

28 қараша, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қытаймен арадағы сауда-саттық 24%-ға өсті
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, мәдениет және басқа да салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың екіжақты тауар айналымы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мәселен, өткен жылы аталған көрсеткіш 35%-ға артып, $24,2 млрд-ты құрайтын таңғажайып нәтижеге жетті, биыл да қарқынды өсу жалғасуда.

10 ай ішінде өзара сауда-саттық тағы 24%-ға өсті. Осындай қарқынмен біз жақын арада екі елдің Мемлекет басшылары белгілеген тауар айналымын $40 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізе аламыз деп санаймын, — деді Премьер-министр.

Cондай-ақ Үкімет басшысы 10 қарашадан бастап күшіне енген визасыз режим Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарында жаңа тарау ашатынын айтты

Бұл шара іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды арттыруға және туризмді дамытуға айтарлықтай әсер етеді. Бұл, әсіресе, алдағы «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» аясында өзекті, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр кедендік процестерді жеделдету мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде екі елдің кеден қызметтері шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің өткізу қабілеті мен жұмыс уақытын ұлғайту туралы келісімге келді. Атап айтқанда, «Нұр Жолы – Қорғас» өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істей бастаса, қалған автокөлік бекеттері 12 сағаттық 7 күндік жұмыс кестесіне көшті.

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсян биыл Қазақстан мен Қытай үшін өте жемісті болғанын атап өтіп, ҚХР барлық өзара тиімді салалардағы ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін атап өтті.

Қытай мен Қазақстан жақын көрші, жақсы дос және серіктестер. Бүгінде екі ел де өз дамуы мен жандануының маңызды кезеңінде тұр. Қилы өзгерістер жағдайында Қытай мен Қазақстан үлкен сынақтарға бетпе бет келді. Сондықтан біз ынтымақтастық рухында барлық негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейтуіміз керек. Қытай тарапы бұрынғыдай Қазақстанды және даму мен өркендеуге бағытталған барлық күш-жігерді табанды түрде қолдайтын болады, — деді Дин Сюэсян.