Тауарлардың ұлттық каталогын барлық салада енгізу жұмыстарын күшейту қажет – Бектенов

Бүгін, 10:56
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тауарлардың ұлттық каталогын барлық салада енгізу жұмыстарын күшейту қажет – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сауда саласын цифрлық трансформациялау барысы және даму болашағы қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласын цифрлық трансформациялау міндетін қойды. Көріп отырғанымыздай, сауда саласында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Тауарларды толық қадағалау және сәйкестендіру аясында Тауарлардың ұлттық каталогы енгізілуде. Бұл тауарларды өндіруден немесе әкелуден бастап, көтерме және бөлшек саудада өткізуге дейінгі барлық кезеңде оларды жіктеуге негіз болады», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінде «Астана-1» және «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйелерінің интеграциясы қамтамасыз етіледі. Алайда тауарларды цифрлық қадағалаудың қолданыстағы жүйесі өнімдердің шектеулі санаттарын ғана қамтиды және әр жерде бөлек-бөлек орналасқан анықтамалықтар мен деректер форматына сүйенеді.

«Қаржы және Сауда министрліктері басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тауарлардың ұлттық каталогын барлық салада енгізу жұмыстарын күшейтуі қажет. Бизнесті осыған белсенді түрде атсалысуға шақырамын», - деді Олжас Бектенов.