Түркістандық шаруалар банан мен папайя өсіріп жатыр
Түркістан облысының шаруалары тропикалық жеміс ағаштарын жерсіндірді, деп хабарлады Elorda.info «Хабар» телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы «Хабар» телеарнасында өткен 4 сағаттық «Адал еңбек» телемарафонында көрсетілді.
Сарыағаштағы жылыжайда банан мен папайя өнім беруде. Тәжірибе алаңында дәмі тіл үйіретін өзге де тропикалық өскіндер жайқалып өсе бастаған.
63 жастағы Тұрсын Тасқожа Сарыағаштағы жылыжайында тропикалық аймақ климатына бейімделген жемістерді Қазақстанның топырағына жерсіндірумен айналысады. 12 сотық тәжірибе алаңында банан мен папаядан бөлек құлпынайдың жаңа тұқымы, киви, зәйтүн, лимон мен мандарин ағашы жайқалып тұр. Жылыжайдың топырағы еш қоспасыз табиғи дәрумендермен тыңайтылады. Осындай ерекше күтімнің арқасында банан ағашы бір жылда тамыр байлап, 4 метрге дейін бойлаған. Қазір әр 1,5 айда 25 келіден аса өнім береді.
Цитрустық жемістер мен жидектерге нарықта сұраныс жоғары. Сондықтан агрономдар тропикалық белдеуде өсетін өскіндерді көбейтіп, құлпынайдың жаңа тұқымын жаппай егістікке әзірлеуде. Басты мақсат - импортты ысырып, сауда сөрелерін отандық табиғи таза өніммен қамту. Ол үшін шаруа көшеттерді көбейтіп, өзге шаруашылықтармен де бөлісуге дайын.
Бағбандардың сөзінше, «елімізге жыл сайын өзге мемлекеттерден 150 мың тоннадан астам цитрус жемістері жеткізіледі. Түркістан облысының аграрлы аймағында егістікті әртараптандырып, тәуелділікті азайтуға болады. Ол үшін аудандағы 760 гектар жылыжай кешенін дамытуға екпін беріп, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту керек.