Акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымына қарсы күрес күшейтіледі
Акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шараға Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері, мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров, «Қазалкотабак» және «QazSpirits» қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Қаржылық мониторинг агенттігі соңғы 4 жылда (2021-2024 жж.) алкоголь өнімінің заңсыз айналымына байланысты 282 қылмысты тіркеді.
Суррогат алкоголь өндіретін 123 жасырын цех анықталып, 3,3 млн-нан астам бөтелке, 720 мың литр спирт және құрамында спирті бар сұйықтық, 640 мың жалған ЕБМ тәркіленді.
Нәтижесінде, қауіпті өнім тұтынушыларға қауіп төндіріп, бюджетке акциздік алымдардың түспей, адал кәсіпкерлерге зиян келтіріледі.
Алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымына қарсы тұруға бағытталған ҚМА ұсынатын шаралардың бірі - 2026 жылға жоспарланған таңбалау мен қадағалауды енгізуді жеделдету, сондай-ақ бүкіл өндіріс процесін цифрландыру болып табылады.
Шақырылған қатысушылар Агенттіктің адал кәсіпкерлерді қорғау бойынша атқарылған жұмысты, сондай-ақ талдамалық құралдарды пайдалана отырып жүзеге асырылатын алдын алу қызметін атап өтіп, айтылған ұсыныстарды одан әрі іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар көлеңкелі экономикадағы акцизделетін өнім айналымына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.