Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды
ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл шешімге Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау, сондай-ақ инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негіз болды. Геосаяси жағдай мен оның салдарының белгісіздігіне, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуына байланысты сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Инфляцияның ішкі тәуекелдері ішкі сұраныстың орнықты болуына, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа және әлі де жоғары қалыптасып отырған инфляциялық күтулерге байланысты, - деп түсіндірді Ұлттық банкте.
Дегенмен, Ұлттық банк инфляциялық күтулер әлі де жоғары екенін айтты.
2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция өсу қарқынын жалғастырып, 20,7% болды. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі басты қозғаушы күш болып қалуда. Айлық инфляция төрт ай қатарынан 1,1%-ға дейін баяулады (2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан), бірақ әлі де орташа тарихи мәннен асып отыр. Айлық инфляция сияқты базалық инфляцияның көрсеткіштері де баяулап келеді, бірақ, жоғары деңгейде қалыптасуда,- делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Ұлттық банктің болжамы бойынша, биыл базалық сценарийде жылдық инфляция 9-12%, 2024 жылы – 6-8%, 2025 жылы – 4-6% шегінде қалыптасады.
Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты болжамдар жақсарды. Осылайша, 2023-2025 жылдары ЖІӨ-нің өсуі 3,5-4,5% деңгейінде күтіледі. Сауда әріптес елдердің экономикалары біртіндеп қалпына келген сайын мұнай өндіру мен экспорттау бойынша күтулердің оң болатынына байланысты болжам қайта қаралды. Ел ішіндегі проинфляциялық факторлар күшеюі мүмкін. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы ұсыныстың күтпеген өзгерістеріне байланысты азық-түлік бағасы тез өсуі мүмкін деген тәуекелдер де сақталып отыр. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының реттелетін қызметтеріне тарифтердің және жанар-жағармай бағасының уақыты келген реформалары тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына баға өсімін жеделдетуі мүмкін, - деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Сыртқы әлемнің қосымша инфляциялық тәуекелдері мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуі, рубльдің әлсіреуі мен санкциялар аясында Ресей Федерациясында инфляцияның айлық көрсеткіштерінің ықтимал жеделдеуіне байланысты. Бұл факторлар базалық сценарийдің алғышарттарында ескерілмеген. Болашақта олардың іске асуы болжамның өзгеруіне әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 7 сәуірде Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.