Қазақстанда мұнай өнімдерін өндіру көлемі артты
Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 213,1 мың тоннаны құрады. Саланың барлық өнімдері бойынша өсім байқалады. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады, деп хабарлады Elorda.info.
Министрлік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту бойынша бірқатар шара қабылдауда, бұл жыл соңына дейін 628,3 мың тонна мұнай-газ-химия өнімін шығаруды немесе өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 75% өсімді құрайды. Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – елдің экономикалық өсімінің негізі.
«Министрлік осы бағытта кешенді жұмыс жүргізіп жатыр, оның ішінде 2029 жылға дейін шамамен $14,3 млрд-қа 5 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске асыру экономиканың жыл сайынғы өсімін 1,5%-ға жеткізіп, 20 мыңға жуық жұмыс орнын, оның ішінде құрылыс кезеңінде 17 мың және пайдалану кезеңінде 3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді министр.
Оның айтуынша, осы жылдың өзінде қуаты 340 мың тоннаға дейін бутадиенді және оның туындыларын өндіру жөніндегі жобаның құрылысы басталады, сондай-ақ қуаты 1,2 млн тонна полиэтилен жобасы бойынша ел тарихындағы ең ірі жобалардың біріне қатысты инвестициялық шешім қабылданады. Мұнай-газ-химия саласы жоғары мультипликативті әсер беретіні белгілі – полимерлі шикізат жаңа өндірістерді дамыту үшін негіз болады. Осыған байланысты осы саланы дамыту бойынша жүйелі тәсілдер талап етіледі.
Аталған міндетті шешу үшін министрлік осы жылдың маусым айында «Мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған жол картасын» бекітетін болады, онда шикізатпен қамтамасыз етуден бастап түпкілікті өнім шығаруға дейінгі іс-шаралар қамтылады. Сонымен қатар мұнай-газ-химия саласын ынталандыру және қолдау мақсатында «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заңды әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр.
«Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 5,9 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,4%-ды құрады. Мұнай өнімдерін өндіру 4,28 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94%-ды құрады», — деді спикер.
Аталған жобаларды іске асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарының өсіп келе жатқан қажеттілігін 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.
«ҚазАтомӨнеркәсіп» құрамына кіретін «Үлбі металлургия зауыты» энергетикалық реакторлар үшін уран оксиді ұнтақтары мен отын таблеткаларының өндірісі бойынша қызметтер көрсетеді, сондай-ақ құрамында уран бар қиын алынатын материалдарды қайта өңдейді.
«2024 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 79 тонна уран өнімі шығарылды, оның ішінде таблетка түрінде – 76 тонна, ұнтақ түріндегі уран диогсиді – 3 тонна. 2021 жылдан бастап «Үлбі-ТВС» зауыты Қытайдың атом электр стансасы үшін жылу бөлетін жинақтар өндіру бойынша өндірістік қызметін бастады. 2024 жылғы бірінші тоқсан бойынша Қытайдың атом электр стансаларына 76 жылу бөлетін жинақ жеткізілді», — деп түйіндеді сөзін Алмасадам Сәтқалиев.