Ирина Харитонова: Креативті кәсіпкерлік көп қырлы әрі қызықты
Әлемде экономиканың жаңа бір түрі - креативті экономиканың өркендеуіне ден қойылып келеді. Қазақстанда да аталған сектордың дамуына көңіл бөлініп отыр. Әсіресе соңғы жылдарда бұл сектордың жандана бастағаны байқалады. Үкімет те креативті индустрияға жататын қызметтерді қолдауға дайын. Elorda.info тілшісі бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰҚ АҚ креативті туризм басқармасының директоры Ирина Харитоновамен сұхбаттасты.
-Ирина, Владимировна, көптеген елдерде индустриалды экономика мен креативті экономика қатар дамып келеді. Сонымен, креативті экономика дегеніміз не?
-Жаһандану процесі креативті экономиканың дамуының алғышарты болды. Оның негізінде адамның шығармашылық күш-қуаты, қабілеті мен таланты жатыр. Креативті индустрия –бұл шығармашылық пен интеллектілік капиталды қажет ететін сала. Оған жарнама, сәулет, қолөнер, дизайн, сән, кино, видео, фото, музыка, орындаушылық шеберлік, баспа ісі, зерттеу және жобалау, бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютерлік ойындар, электронды басылымдар, радио мен телевидение өнімдері жатады.
-Қазақстанға креативті экономика қашан енді?
-Мен біздің елге креативті экономика енді де, «бум» болды деп айтпас едім. Қазақстан - талай ғасырлардан бері өзінің қайталанбас мәдениетімен ерекшеленген ел. Бұл - ықылым заманнан бері келе жатқан эпостар мен батырлар жырлары, дәстүрлі сазды аспаптар, талантты сазгерлер, біздің әсем табиғатымыз. Сондықтан креативті экономика енді деп айтқаннан гөрі, бұрыннан бар құндылықтарымызды халықаралық сауда нарығына шығару үшін монетизацияладық десек дұрысырақ болар.
-Бұл сектордың дамуы қазір қай деңгейде?
-Қазір «Мәдениет туралы» заңға және креативті индустрия жөніндегі кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енді. «Креативті іскерлік», «креативті индустрия» деген ұғымдар пайда болды. 6 маусымда бұл сектордың жалпы классификациясы анықталды. Олар: зергерлік, IT, геймдевелопмент, халық шаруашылығы, теледидарлық бағдарламалар, фото өнері, сәулет, сән, музыка, мәдени орындар, кітапхана, музей, кино және анимация.
-Бұл сектор елімізде жаңадан қарқын алып келеді, дегенмен елдегі жалпы ішкі өнімдегі үлес бар шығар?
- Көп елдер үшін бұл - экономиканың жаңа секторы емес. Көптеген мемлекетте аталған сектор, тіпті, экономиканың драйвері саналады. Солардың көшін бастап тұрған Италия (6,1%), Ұлыбритания (5,8%) және Канада (2,7%), ал Бразиялияда 2,6%, Германияда әлемдік орта деңгейде. Қазақстанда болса, аталған сектор 2020 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 2,67 %-н құрап отыр.
-Креативті экономиканың дамуы үшін мемлекеттік қолдау қажет пе? Қазір мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатыр?
-Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес жобаларға грант қарастырылған. Креативті индустрияға жататын қызметтің 43 түрі мемлекеттік қолдауға ие болады. Сондай-ақ креативті индустрияға байланысты ҚР Кәсіпкерлік туралы кодексі, ҚР Салық туралы, Мәдениет туралы, Авторлық құқық пен сабақтас құқықтар туралы заңдарына кейбір өзгерістерді енгізуге байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл заң жобасы келесі жылы қарастыруға берілмек. Қазір бұған қатысты креативті қоғамнан ұсыныс-пікірлер жинақталуда.
-Компаниялар креативті индустрияның қай бағытына көбірек инвестиция салады?
-Олар көбіне IT, fashion индустрия мен заманауи индустрияға көбірек басымдық береді дер едім.
-Кәсіптің бұл түрімен шұғылданудың қаржылық тәуекелі көп шығар...
-Шығын мен пайдасы нақпа-нақ есептелмеген кез келген кәсіпкерлік тәуекелге бел бууды қажет етеді. Бірақ креативті кәсіпкерліктің бір артықшылығы көп қырлы әрі қызықты.
-Қазақстанда креативті бизнеспен шұғылданатын қанша кәсіпкерлік тіркелген? Еліміздің қай өңірлерінде осы сектор жақсы дамып келеді?
-Ұлттық статистика бюросының мәліметіне иек артсақ, өткен 2022 жылдың ІІІ кварталына сәйкес, шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 114 640 болып отыр. 2021 жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға өсіп отыр. Ал креативті кәсіпорындар көбіне Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда орын тепкен. Бұл – халықаралық тренд. Музей, театр, жоғары өнер ошақтары, яғни мәдени тіректер ірі шаһарларда болатыны тарихи құбылыс. Мұның тағы бір себебі, көптеген креативті кәсіпкерлік басқа сондай ірі кәсіпкерліктің мердігер мекемесі болып саналады. Үлкен қалаларда шоғырлана орналасу сол үшін де қажет. Жалпы, бізге таланттарымызды қолдау арқылы олардың кәсібінің экспорттық өсімге ие болғанын қалаймыз.
-Креативті экономиканың салаларынан жарқын мысалдар келтіріп өтіңізші...
-Бұл тұрғыда «Kazakh Tourism» ҰҚ АҚ-ның ұйымдастырған 6 ай бойғы питчинг сессиялар өз жемісін берді деп ойлаймын. Мәселен, жақында белгілі ірі құрылыс компаниясымен бірлесіп астаналық суретшінің «Мәсі» сәулет пішіні қондырылды. Бұл ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеттің жаңғыруына үлес қосқан жобалардың бірі деп ойлаймын.
Сондай-ақ, «Talapai» жоба дизайнері Айнур Полатованы атап өткім келеді. Оған жобасын жүзеге асыру үшін инвестор іздеуге көмек көрсетілді. Дәл қазір Айнұр Германияда «Louis Vuitton» сән үйіндегі кездесуге дайындық үстінде. Ол киізүй түріндегі сөмкенің коллаборациялық данасын дайындауда.
Сонымен қатар инклюзивті бағыттағы спектакльдерді айтпай кете алмаймын. Бұлар құлағы мүкіс еститін адамдарға арналған «Il Silenzio» пластикалық театры. Аталған спектакльді Астана және Алматы қалаларында көрсету үшін инвестордың көмегін тартқан болатынбыз. Ал «Медеуде» креативті хабтың шеңберінде жаңа бірлескен жоба дайындалуда.
Біз street art желісі бойынша креативті индустрияның белсенді дамуы үшін қызықты жоба жасаудамыз. Урбанизациялау шешімі арқылы креативті ландшафты өзгертуге бағытталған бұл бастама Қазақстанның барлық аймақтарына таратылатын болады. Жоба мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту шеңберіндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда. Нәтижесінде креативті ландшафты өзгертудің аймақтарды дамытуға әсері туралы аналитикалық материал дайындалмақ. Жоба туралы толық метражды фильм «Канн» фестиваліне жолданбақ.
Ал жүзеге асқан жобаларға келсек. Олар мыналар:
Қарағандыда Станиславский атындағы театрдағы үлкен әлеуметтік әсері бар жоба;
Астанада - триатлон парк;
Шымкентте - шағырмашылық ауласы
Ақтөбеде – креативті орталықтың базасы, Семейде Alikhan Bokeikhan University студенттері мен шығармашыл жастардың ортасы.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының ойлау жүйесін дамытатын "PLATON 5 D"деп аталатын оқыту жобасына тоқталайын. Бұл оқыту жобасының мақсаты – креативті ойлайтын балаларды тәрбиелеу және қолдау. Аталған пилоттық жобаға 6 қала, 7 ауданнан 3 және 11 сыныптардан барлығы 109 оқушы қатысты. Финалға 19 оқушы өтті.
-Соңғы сұрақ: еліміздегі креативті экономиканың дамуын қалай елестетесіз?
-Меніңше, креативті индустрияны қарқынды дамыту үшін негізгі пастулаттар мыналар деп ойлаймын. Біріншіден, талантты жастарды өсіру мектеп табалдырығынан басталатынын ескерсек, креативті индустрия туралы ілімді бастауыш сыныптардан бастап үйрете беруіміз керек. Екіншіден, инфраструктуралық қолдау, хабтар мен кластерлерді дамыту. Онда креативті ойлайтын орта шығармашылық идеяларын бірлесіп жүзеге асыра алар еді. Үшіншіден, креативті экономиканы дамытуда мемлекеттің алатын рөлі зор.
Сұхбаттасқан: Салтанат Мұратқызы