Үкімет басшысы Гаутам Аданимен кездесті
Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Adani Group компаниясының президенті Гаутам Адани Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаны іске қосу перспективаларын талқылады, деп хабарлады Elorda.info.
Көлік және логистика, энергетика, тау-кен металлургия кешені, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және т. б. салаларда жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.
Премьер-министр мұның барлығы Қазақстан экономикасы үшін басым бағыттар екенін атап өтті.
Осы орайда Adani Group-пен ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп санаймыз және сіздің компанияңыздың біздің еліміздегі іскерлік байланыстарды кеңейту ниетін құптаймыз, — деді Әлихан Смайылов.
Ол республикада жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және жалпы кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын айтты. Сонымен қатар Үкімет Қазақстанда холдинг жобаларын іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Өз кезегінде Гаутам Адани компания бірінші кезекте азаматтық авиация, мұнай-химия секторы, көлік-логистикалық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және «жасыл» сутегін өндіру бойынша жобаларға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Біз ұзақ мерзімді инвестициялар салуға мүдделіміз және Қазақстанда қандай мүмкіндіктер, қандай жобалар бойынша ортақ қызығушылық барын білгіміз келеді. Біз белсенді жұмыс істеуге дайынбыз, — деді Гаутам Адани.