Бизнеске қойылған 7 мыңға жуық негізсіз талап жойылады – Смайылов
Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі жұмыс туралы айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Оның айтуынша, биылдан бастап бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр.
Бизнеске қойылатын басы артық талаптарды анықтау бойынша ауқымды ревизия жүргізілуде. Бүгінде осындай 7 мыңға жуық талап анықталды, олар жойылады, — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол мемлекеттік бақылау жүйесін реформалаудың жаңа кезеңі – тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы тексерулерден бұзушылықтардың алдын алуға ауысу басталғанын атап өтті.
Бұл жұмыс келесі жылы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий мерзімі өткеннен кейін аяқталуы тиіс. Қабылданып жатқан шаралар ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов бизнесті қосымша қолдау мақсатында моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдарда 5% жеңілдікпен шағын несиелендіру енгізілгенін, сондай-ақ несиелендірудің ең жоғары сомасы 7-ден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілгенін айтты, бұл ШОБ субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, бәсекелестікті дамыту үшін экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту жалғасады. Атап айтқанда, Жекешелендіру бойынша кешенді жоспарға қосымша 171 объект енгізілді, халық тұрмысы үшін маңызы зор сумен, электрмен және жылумен жабдықтау салаларындағы 200-ге жуық әлеуметтік маңызы бар объекті алынып тасталды, «ҚазМұнайГаз» халықтық IPO өткізілді.
Сонымен қатар МЖӘ тетіктерін қайта жаңғырту үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өту мүмкіндігін болдырмау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту, жобалардың сапасын арттыру, сондай-ақ мемлекет пен бизнес арасындағы мүдделер теңгерімін сақтау көзделген заңнамалық түзетулер әзірленді.