00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тұрақты суару жұмыстарына жиналған су көлемі 11,6 текше км – министр

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тұрақты суару жұмыстарына жиналған су көлемі 11,6 текше км – министр

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев еліміздегі егіс алқаптарына су жеткізу мәселесі туралы есеп берді, деп хабарлады Elorda.info inform.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл негізгі өзен бассейндерінде, әсіресе, елдің оңтүстік аймақтарында судың аз болуы циклінің жалғасуына қарамастан, қабылданған шаралардың нәтижесінде вегетациялық кезең тұрақты өтті. Алдын ала мәліметтер бойынша, биыл тұрақты суару жұмыстарына жиналған су көлемі шамамен 11,6 текше километрді құрады. Оның 11,3 текше километрі немесе 97 пайызы оңтүстік бес облысқа тиесілі. Бұл Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарындағы жалпы суару алаңы 1,61 млн гектар болды немесе еліміз бойынша барлық аумақтың 73 пайызы, - деді С. Брекешев.

Оның айтуынша, осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтыр қараша айынан бастап дайындық жұмыстары жүргізілген. Ол үшін арнайы жұмыс жоспары бекітілді.

Біріншіден, жоғарыда орналасқан су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша көрші елдермен келіссөздер жүргізілді. Екіншіден, трансшекаралық өзендер бассейндерінде мемлекетаралық пайдалану каналдарында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылды, - деді министр.

Сонымен қатар ол ылғалды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын қысқарту (күріш, мақта, пияз), су үнемдеу технологияларын ауқымды енгізу іс-шаралары жүзеге асырылғанын атап өтті.

Көршілес елдермен ынтымақтастық аясында келесі жұмыстар жүргізілді. Қырғыз жағымен тауар алмасу және электр энергиясын коммерциялық негізде жеткізу аясында жаз айларында 330 млн текше метр көлемінде «Достық» каналы арқылы су беру мәселесін шешу мүмкін болды. Бұдан басқа, тараптар сарапшылары Шу және Талас өзендерінің бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын зерттеді. Тәжік жағымен Тоқтоғұлдан ағып келетін «Бахри Точик» су қоймасы арқылы су көлемін өткізу туралы келісім жасалды. Сондай-ақ «БахриТочик» су қоймасының жұмыс істеу шарттары келісілді. Душанбе қаласында үшжақты хаттамамен (Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан) осы шарттар бекітілген. Шу және Талас өзендері бойынша қырғыз тарапымен осы жылы сәуір айында су беру кестелеріне қол қойып, бекітілді. Атап айтқанда, Талас өзені арқылы 500 млн текше метр, Шу өзені - 220 млн. текше метр, - деді ведомство басшысы.