00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мақсат Халық: Қазіргі жағдайда Ұлттық банктің ақша басып шығаруына түбегейлі қарсымын...

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мақсат Халық: Қазіргі жағдайда Ұлттық банктің ақша басып шығаруына түбегейлі қарсымын...

- Мақсат, есіңізге салайын, Үкімет осыдан бірнеше күн бұрын еліміздің батыс аймағындағы газ бағасын 125 теңгеге дейін көтеріп жіберді, бірақ баршамызға белгілі оқиғалардан кейін оның құнын 50 теңгеге қайта түсірді. Сонда мұндай емін-еркін бағаны өзгерту бюджеттің мүмкіндіктерінің зор екенін білдіре ме?

- 50 теңгеге түсіруіне себеп болған жағдай – халықтың талабы. Маңғыстау өңіріндегі азаматтар бірнеше күн бойы газ бағасын 50 теңгеге дейін түсіру туралы нақты талап-шарттарын айтты. Енді Үкімет бұл мәселеге назар аудармаса болмайтын болды. Өйткені, маңғыстаулық ағайынның айтқан сөздері ақылға қонымды. Жасы болсын, қариясы болсын салмақты сөздерін жеткізді. Сондықтан басқа да өңірлерден азаматтар көтеріле бастады. Алматы қаласында бірінші күнгі жағдай негізінен бейбіт шеру еді. Бұл – шын мәнінде азаматтардың әлеуметтік жағдайының нашар екендігін, әлеуметтік теңсіздіктің бар екенін көрсетеді. Сондықтан да Президент өзі бастап газ бағасын 50 теңгеге түсіру туралы шешім қабылдады.  

Негізі бұлай түсіре салатындай қазір бюджетте мүмкіншіліктер жоқ. Оның үстіне пандемияның салдарынан шығын көлемі едәуір артты. Енді «газ бағасын 180 күнге дейін ұстап тұрамыз» деп нақты уақытын белгілеп отыр. Бұл жерде «180 күннен кейін баға өсе ме?» деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Осы ретте айтар болсам, иә, баға өседі. Бірақ ақылға қонымды бағалар болады деп есептеймін. Кәсіпкерлердің «пайда тауып қаламын» деген мүдделері енді екінші кезекте болады. Яғни бақылау болады. Мәселен, қазір әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бәрі бақылауда. Сөйтіп, тек қана газ бағасы емес, әлеуметтік тарифтердің өзін алдағы жарты жылда өсірмеуге нақты талап қойып отыр. Жаңадан жасақталған Үкіметте «әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өзіндік құны қандай болады, шығындары қаншалықты, ол жерде банкротқа ұшырап қалмай ма?» деген сынды сұрақтар қарастырылады. Осы мәселенің бәрі жан-жақты зерттеліп, нарыққа қажетті реалды баға сол жерде айтылатын болады деп есептеймін.

- Жалпы, бағаны күрт өсіру кімнің мүддесінен болып отыр?

- Бұл жерде «мүдде» деген сөздің мағынасы өте дұрыс! Нарық болғаннан кейін ол жерде әртүрлі тараптардың мүдделері болады. Біріншіден, ол, әрине, нарықтың ойыншылары. Нарыққа тауар жеткізіп берушілердің көбірек табыс тапсам деген мүддесі бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Президенттің кейбір компанияларды кінәлап, осындай «бағалық келісім бар» деп уәж айтқанын қолдаймын! Расымен де сондай процесс соңғы жылдары жиі болып кетті. Өйткені, біздің нарық – нарықтық экономиканың бүкіл заңдары орындалатын, шарттары сақталатын экономикасы толық мемлекет емес. Сондықтан да біздегі сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде бағалар қойылады дегенге сену қиын.  Демек одан да бөлек факторлар бар. Ол – компаниялар арасындағы бағалық келісім, оларға баға қымбаттағаны тиімді. Ал Үкімет халыққа «бұл – нарық заңдары» деп түсіндіреді. Баға қымбаттай берген соң халық наразылығын білдірді.

Бізде монополист компаниялар бар, 3-4 компания ғана бір нарықта жұмыс істейтін олигополиялық нарық бар. Яғни олардың өз мүдделері бар. Олар оп-оңай ғана бағалық келісім жасап, бағаны көтере беруі мүмкін. Сондықтан ондай бағалық келісімдер болмас үшін мемлекет белгілі дәрежеде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстауы керек. Өйткені, халықтың төлем қабілеттілігі мен шын мәніндегі жағдайы – бағаның қымбаттауын көтере алмайды. Оған дайын емес.

- Қазақстанда бүлікшілердің кесірінен орта және шағын бизнес орасан зор шығынға ұшырады. Ресми деректерге сүйенсек, 100 миллиардқа жуықтап қалды. Соның салдарын жою үшін Үкімет кәсіпкерлерге көмек көрсететінін айтты. Бұл шешім бюджеттің қай бөлігімен жүзеге асады?

- Сұрағыңыз орынды. Бірден айтайын, көмек көрсетілуі қажет. Ол жерде қаншама азаматтарымыз жұмыс істейді. Мұның әлеуметтік үлкен функциясы бар. Мемлекет зардап шеккен компанияларға көмектеспесе, онда ол компаниялар банкрот болады. Елімізде қаншама адам жұмыссыз қалады. Сондықтан мемлекет көмектеспесе, ертең оның да салдары үлкен болады.

фото: akchabar.kg

Енді ол «бюджеттің қай бөлігімен жүзеге асады?» деген сауалға келсек, біздің бюджет 2022 жылға бекітілген. Нақты шығындар бойынша шығындар статьясы құрылған. Меніңше, бірінші сценарий бойынша,Ұлттық қордан тағы да аударымдар болуы мүмкін. Екінші сценарийге сәйкес, шетелден төмен пайызбен қарыз алуы ықтимал. Үшінші болжам бойынша, Ұлттық банк ақша басып шығаруы мүмкін. Бірақ үшінші жағдайға қарсымын! Оның түбі қайта қымбатшылыққа, қайтадан инфляцияға әкеледі. 

Менің ойымша, бірінші Ұлттық қорды пайдалану мүмкіндігі бар. Кейін мемлекеттік бюджеттің шығындар статьясын тағы бір зерделеп шығу керек. Арасында еш пайдасы жоқ квазимемлекеттік секторға, түрлі форумдар мен мерекелерге жоспарланған пайдасы жоқ шығындар бар. Оған тағы LRT сиақты қайтарымы жоқ, ақшаны шөл далаға құйған су сияқты жұта беретін жобаларды қосыңыз. Осы жақтағы шығындарды үнемдеп, әлеуметтік маңызы бар салаларға жұмылдыруға болады. Сосын үкіметтің мойнындағы ең негізгі жұмыс, ол көлеңкелі экономикадағы қаражатты ашық айналымға шығару.

- Біздің экономиканы сипаттағанда шетелдік басылымдар «кландық-олигархтық жүйе» дейді. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасады?

- Бізде бұл бар. Бұл Қазақстан экономикасының үлкен бір кемшілігі болып келді. «Почему одни страны богатые, а другие бедные» деген Дарон Аджемоглу, Джеймс Робинсонның кітабы бар. Сол кітап ондаған жыл бойы зерттелген жұмыс. Онда мемлекеттердің бай немесе кедей болуына әсер ететін факторларды жазған. Экономиканы дамытатын ең үлкен құндылық – елдің ішінде инклюзивті институттардың көп болуы. Ол көбіне халықтың, әрбір азаматтың мүддесін қорғайды. Яғни жекеменшік құндылығының жоғары тұруы, әрбір азаматтың құқықтарының заңмен сақталуы, заңның орындалу күшінің жоғары болуы сынды ойларды айтады.

фото: ibrashkz.livejournal.com

Сосын қоғамда  экстрактивті институттар болады дейді. Ол керісінше заңсыздықты, көлеңкелі экономиканы, сыбайлас жемқорлықты қолдайтын топтардың құндылығы дейді. Экстрактивті институттар болса, мемлекет ешқашан бай болмайды деген тұжырымға келеді. Егер белгілі бір топ қана байып, халықтың жағдайы көтерілмесе, ондай мемлекеттер кедей болып қала береді. Сондықтан да мемлекеттің алдына қойып отырған үлкен міндеті – әлеуметтік теңдік орнатуға күш салу. Байлар мен кедейлердің арасында алшақтықты мейлінше азайту. Осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуі керек. Ал енді қарасақ, соңғы жылдары халықтың жағдайы тіптен нашарлап кеткен. Соңғы 2 жылда Президентіміз ауысқалы бері біраз әлеуметтік бастама көтеріледі. Президенттің ұсынысымен нақты көп дүние айтылады. Бірақ соның 50% орындалмайды. Оны орындамайтын Үкімет, яғни соның дәрменсіздігі, әлсіздігі, шұғыл мәселе бойынша шешім қабылдайтын кезде жауап қата алмауы. Яғни халықтың қордаланған әлеуметтік мәселелері жауапсыз қала береді. Салдарынан осындай әлеуметтік шиеленіс өршіп кеткен. Сондықтан да осындай жағдай қайталанбас үшін Үкімет бірден жауап қатуы керек. Жақсы бастамалар да болады, бірақ соны халыққа түсіндіріп бере алатын азаматтар жоқ. Сұрақ қойса, басқаша жауап беріп, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» күйін кешіп отырады.

Ендігі жасақталған Үкімет барынша мобильді болады деп ойлаймын. Халықтың мұң-мұқтажын көре алатын, айта алатын, бірден реакция бере алатын Үкімет болуы керек. Дәл қазір істей алмай ма, қашан шешілетінін, мерзімін айтсын. Сол кезде сенім болады. Сенім болған кезде экономикада даму болады. Әрбір азамат бар ықыласымен беріліп, өз жұмысын атқарады. Өйткені оны қорғайтын мемлекеті бар екенін біледі. Сондықтан осындай маңызды қарапайым ғана дүниелерден үлкен мәселе шешіледі деп ойлаймын.

- Қазіргі уақытта Қазақстанның сыртқы қарызы қауіпті деңгейге жетті ме?

фото: datnews.info

- Сұрағыңыз орынды. Қазіргі ресми статистикаға сәйкес, өткен жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтер бойынша, 166,8 млрд долларды құрады. Бұл жағдайды қауіпті деңгейге жақынырақ деп айтушы едім. Қауіпті деп айта алмаймын. Бірақ әлі де анықтайтын дүниелер бар. Ол мынадай мәселелер: бізде Үкімет есеп берген кезде сыртқы қарыздың 8% Үкіметтің қарызы деп айтады. Қазір ол 10,4% немесе 17,4 млрд доллар көлемінде болып тұр. Айтылмайтын мәселе бар, ол – квазимемлекеттік сектор. Биыл Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 21 млрд доллар деп айтты. Демек мұның бәрін қосу керек. Ең қызығы, Ұлттық банктің 1, 7 млрд доллардан астам қарызы бар. Ол да мемлекеттік қарыз болып саналмай ма?! Демек бұл қарыздың бәрін қоссақ, 40,1 млрд доллар болып тұр. Бұл – мемлекет жауап беруге міндетті қарыздардың көлемі. Бұл үлкен көлемдегі қарызға ұласып жатыр (жалпы сыртқы қарыздың 25%-на жуықтайды). Бұдан бөлек, 20 млрд доллардан астам қаражат бар (сыртқы қарыз), өзге де секторлар деп тұр. Ол түсініксіз тағы да, оның ішіне қандай секторлар кіреді? Ол жерде Үкіметтің қатысы бар салалар болса, демек ол қарыздардың да жауапкершілігі бар. Осы жерде өзге де секторларды ашық көрсету керек. Оның бәрін Үкіметтің қарызының көлеміне қосу керек. Қосқан кезде қауіпті деңгейге жетіп қалады. Неге мен олай есептеймін? Өйткені қазір Ұлттық қорда 55 млрд доллар бар. Ал жаңағы қарыздарды қосқан кезде 40 млрд доллардан асып қалды. Демек біздің қорымыздың деңгейінде қарыз жиналып қалды деп айтуға негіз бар. Сондықтан осындай мәселелерге тыңғылықты ашық қараған дұрыс. Тағы екінші мәселе бар. Осы сыртқы қарыз туралы айтқан кезде фирмааралық қарыздар бар. Оның көлемі 60,1%-ды құрайды. Ол 100 млрд доллардан асып жығылады. Ол қарыздың көлемі артқаны жақсы, қазір азайып келеді. Ол өкінішті, неге десеңіз ол тікелей елге тартылып жатқан инвестиция. Оның жоғары болғаны бізге жақсы. Себебі, шетелден компаниялар келеді. Олар өз кезегінде жаңа корпоративтік стандарттарын әкеледі. Былайша айтқанда, корпоративтік мәдениет дамиды. Біздің азаматтарымыз сондай компанияларда жұмыс істейді. Мұның әлеуметтік сипаты жақсы. Яғни мұндай фирмааралық қарыздардың артқанынан ешқандай қауіп жоқ. Бірақ елде болған тәртіпсіздік салдарынан қазір экономикаға қауіп бар. Өйткені мұндай ситуациялар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын нашарлатып жіберді. Себебі тәртіпсіздіктер болған кезде инвесторлар келуден бас тартады. Оның осындай негативті тұстары бар. Сондықтан да халқымыз білуі керек: егер фирмааралық қарыз ұлғайып жатса, елімізге тікелей инвестиция тартылады, одан қорқыныш жоқ. Ал егер Үкіметтің қарызы артып жатса, оған алаңдау керек. Өйткені мемлекет алдымен техникалық дефолтқа, кейін тіпті дефолтқа ұшырауы мүмкін.

 Сұхбаттасқан Назерке Еркінқызы