Ұлттық банк теңгені «құтқару» үшін 64,6 млн долларға интервенция жасады
Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мұндай шешімнің немен байланысты екенін төмендегідей түсіндіреді.
«Кеше биржалық валюталық сауда-саттықта осы жылдың басынан бері мәмілелердің ең жоғары көлемі тіркелді. Теңге бағамы бір доллар үшін 436 теңге деңгейіне дейін әлсіреді. Бұл 2020 жылғы сәуірден кейінгі жеткен рекордтық деңгей. Оған сауда-саттық көлемінің өсуі шетел валютасына сұраныстың артуы ықпал етті. «Омикрон» штаммының таралуына байланысты мұнай бағасы құлдырады. Мәселен, 1 желтоқсанда «Brent» маркалы мұнайдың бағасы 68,14 жетті. Шетел валютасына сұраныстың жоғары болуына байланысты валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк 2 желтоқсанда 64,6 млн доллар көлемінде интервенция жүргізді», ˗ дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, қазір ішкі нарықта долларға сұраныс сақталуда. Оның себебі жыл соңына қарай компаниялар бюджетті игеру үшін төлем жасауда белсенділік танытады.