00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Қазақстанға тән нонсенс – жұмыс істеп жүріп кедей болу» – Расул Жұмалы

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Қазақстанға тән нонсенс – жұмыс істеп жүріп кедей болу» – Расул Жұмалы

Халықаралық еңбек ұйымының анықтамасы бойынша, жұмысы бар кедейлер дегеніміз – белгілі бір күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүретін адамдар. «Кипр» аналитикалық тобының басшысы Ерлан Смайловтың зерттеуінше, Қазақстанда 9 миллионнан астам экономикалық белсенді тұрғын болса, соның 33 пайызы, яғни 3 млн адам кедей өмір сүреді.

Ал бұл реттегі жұмысы бар кедейлер дегеніміз кімдер? Елімізде жалақы мөлшерінің төмен болуына қандай факторлар әсер етеді? Халықты жоғары жалақымен қамтамасыз етуге елдің экономикалық потенциалы жете ме? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын елімізге белгілі саясаттанушы, экономистерден білген едік.

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, жұмыс істеп жүрсе де кедей өмір сүрудің тарихи, экономикалық себептері бар.

«Қазақстанда, посткеңестік басқа мемлекеттерде «жұмысы бар кедейлер» деген түсінік кездеседі. Енді шын мәнісінде бұл осындай бір феномен. Ал өркениетті елдерде ең төмен жалақы алатын көше сыпырушының еңбекақысы өмір сүруіне жетеді, яғни жалақы деңгейі кәдімгідей жоғары. Бізде осындай жағдайға душар болудың бірнеше себебі бар десек, ең негізгісі сол Кеңес заманынан бастау алады. Ол кезде шын мәнісінде жалақы деңгейі өте төмен болды, 50 рубльден басталатын. Демалу, басқаны былай қойғанда, киімнің өзін сатып алу қиын болатын. Тек күнделікті азық-түлік алуға жететін. Бірақ соның өзінде кеңестік жүйе азаматтардың қажеттіліктерін тегін жасайтын. Мәселен мектепте оқу, белгілі бір азаматтар үшін көлікте ақысыз немесе жеңілдікпен жүру, сапасы онша болмаса да денсаулық сақтау жүйесі, тұрғын үйлер тегін болатын. Яғни «бірталай қызметтерді тегін береміз, есесіне жалақыларыңыз төмен болады» деген келісім болатын», – дейді Расул Жұмалы.

Ол қазір де елдегі жұмысы бар кедейлер санының артуына нарықтық экономиканың өз ықпалын тигізіп жатқанын айтады. Яғни бұрынғыдай тегін қызметтер көрсетілмейді.

«Совет одағы күйресе де осы эмоция сақталып қалды. Жалақы төмен, негізгі пайда көзін мемлекет немесе мемлекеттік бизнес иемденіп отыр. Бірақ бұрынғы тегін беретін қызметтер нарыққа көшіп кетті де, олардың көпшілігі ақшалай болатын болды. Яғни жақсы білім алғыңыз, емделгіңіз, тұрғын үй сатып алғыңыз келсе, ақысын төлейсіз. Меніңше, бірінші гәп осында», – дейді Расул Жұмалы.

Ал экономист-сарапшы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, жұмысы бар кедейлердің болуы адам еңбегін бағаламаудан шығады.

«Жұмыс істеп жүріп кедей болу – адамның 100 пайыз жұмыста болып, бір іспен айналысса да, оның тұрғын үйге ақшасының жетпеуі, кедей тұруы. Оған біріншіден, төмен жалақы, екіншіден, жоғары бағалар себеп. Бізде адам еңбегі бағаланбайды. Мәселен дәрігерлердің, мұғалімдердің, мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы төмен. Біз 50 мың теңге айлық алатын адамның қалай өмір сүріп жүргенін білмейміз. Мен ауылда бір пошта қызметкерінің 21 мың теңге алатынын білемін», – дейді ол.

Сарапшылардың айтуынша, жалақы деңгейінің төмен болуы өмір сүру минимумын дұрыс есептемеуден шығады.

«Бізде күнкөріс минимумы, орташа жалақыны есептеп шығару методикасы дұрыс емес. Неге десеңіз, ең жоғары жалақы (500-600 мың теңге) мен төменгісін (40-50 мың теңге) алады. Соның ортасымен есептеп шығарады. Мұның бәрі не үшін жасалады? Жоқ нәрсені бар қылып, әлеуметтік жағдайдың орташа дамуының оңтайлы екендігін көрсету үшін. Шын мәнінде 42 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес қой?.. Қазақстан өзін Конституция бойынша «әлеуметтік мемлекет» деп жариялайды, ал аталған мысалдың барлығы әлеуметтік мемлекеттің жоқ екенін көрсетеді. Әлем елдерінде санау реті мүлдем басқа. Оларда халықтың басым бөлігі қандай жалақыны алады, соның орташасын шығарады. Сонда шынайы болады», – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Экономист Расул Рысмамбетовтің пайымынша, күнкөріс минимумын есептеген кезде жаңа бағалармен, нарықпен санасу қажет.

«Біздің елде өмір сүру минимумы дұрыс есептелмейді. Яғни, азық-түлік пен пәтер ақысын есептемейді. Мұның барлығы Парламенттің үкімімен бекітіледі. Меніңше, Парламентте осы бойынша дұрыс жұмыс істелмей, яғни бағалар жөніндегі ақпараттар жаңартылмай тұр. Бір адамға күніне 170 грамм кортоп, 30 грамм ет деп бөлген. Парламенттегілердің өзі осы күнкөріс минимумымен өмір сүрмейді, ондайды көрмеген де. Сол себепті оларға бұл жақсы сияқты көрінеді. Олар қарапайым халықтың қалай өмір сүріп жатқанын білмейді. Үкімет үнемдеуге болмайтын жерден үнем жасағысы келеді. Адамдар амалдың жоқтығынан төмен жалақыға жұмыс істеп жүр. Ал шындығына келгенде, Үкіметтің ең үлкен байлығы – адам. Жалақының төмен болуы ақшаны дұрыс есептемеуден шығып отыр. Сол себепті бізде көлеңкелі экономика кеңінен етек жайған», – дейді ол.

Сондай-ақ Расул Жұмалы Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі азаматтарға жоғары жалақы беруге жеткілікті екеніне сенімді.

«Қазақстан – салыстырмалы түрде бұрынғы Совет елдерінің ішіндегі көрсеткіштері сәл болса да жоғары мемлекет. Мәселен Украина, Грузия, Қырғыз елдерімен салыстырғанда орташа жалақы, орташа зейнетақы көрсеткіштері жақсы. Қызғыз Республикасының 7 миллион халқы бар десек, бүкіл жылдық бюджеті Алматы қаласының бюджетінен 3 есе төмен. Яғни Қазақстанның жоғары жалақы (1000-1500 доллар) бере алатындай мүмкіндігі бар. Алайда біздің Қырғыз елімен орташа жалақы айырмашылығымыз 20-30 пайыз ғана болып отыр. Мысалы мұғалімдер, дәрігерлер мен бюджеттік қызметкерлер үшін жалақыны өсіруге болады. Бірақ мемлекет осы мәселелерге келгенде сол ескі сарынмен қосымша төлемақыларды үнемдеп отыруға тырысады. Жағдай ушыққанда ғана азаматтар еске түседі. Мысалы пандемия кезінде дәрігерлердің жалақысын көтере бастады, соңғы уақытта мұғалімдердің жалақысы өсті. Оны да мойындау керек. Бірақ әлі де мардымсыз. «Жұмыс істеп жүріп кедей болу» деген түсінік – жалпы экономикада нонсенс, миға кіріп-шықпайды», – дейді белгілі саясаттанушы.

Назерке Еркінқызы