Уақытша қиындықтар туындаған жағдайда МӘМС мәртебесін 6 ай бойы сақтауға болады


Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі бірқатар негізгі жаңалықтарды көздейтін заң қабылданды. Халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сақтандырылушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заң жобасы жеңілдікті кезеңді ұзарту жөніндегі жаңа норманы көздейді, деп хабарлады Elordainfo.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өмірлік қиын жағдайда азаматтарды қолдау
МӘМС жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін:
- Сақтанушы мәртебесін сақтаудың жеңілдік кезеңі 3 айдан 6 айға дейін ұлғайтылды.
Бұл соңғы 5 жылдың ішінде тұрақты жарна төлеген, бірақ табысын уақытша жоғалтқан азаматтарға қатысты.
Бұл тәсіл әділ және адамды қолдауға бағытталған — азаматтарға қиын сәттерде медициналық көмекке қолжетімділікті жоғалтпауға мүмкіндік береді.
«Енді бес жылдың ішінде өз бетінше және үзіліссіз жарна төлейтін азаматтар уақытша төлемдер болмаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін жоғалтпайды. Бұрын бұл мерзім небәрі үш ай болатын. Бұл әділ және маңызды шешім - жүйеге тұрақты қатысатын және уақытша қиындықтарға тап болғандарды қолдайды», - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалы директоры Гүлжан Шайхыбекова.
2027 жылдан бастап Қазақстан барлық тараптардың — мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігінің неғұрлым жоғары дәрежесімен толыққанды сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отыр.
МӘМС жүйесіне әлі кірмеген еңбекке қабілетті азаматтар үшін ұсынылатын шарттар қаржылық жағынан қолжетімді болып қалады:
- Айына 4250 теңге немесе жылына 51 000 теңге.
Бұл шаралар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бекітілген ортақ жауапкершілік қағидаттарын іске асыруға және азаматтың әлеуметтік жағдайына қарамастан, медициналық көмекке әділ қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Астана қаласы бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 257 мыңнан астам адам тыс қалды, оның 60 мыңға жуығы - әлеуметтік қамсыздандырудың дағдарыс (Д) және төтенше (Е) деңгейлеріне жататын азаматтар, олар үшін жергілікті атқарушы органдар жарна төлейді.
«Енді ең әлеуметтік осал азаматтар медициналық көмекті кедергісіз ала алады», - деді Гүлжан Шайхыбекова.



