00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Тікенекті» нәрестені қалай емдеуге болады

«Тікенекті» нәрестені қалай емдеуге болады
Фото: freepik

Кейбір жаңа туған сәбидің арқасында «тікенек» болады. Барлығында бірдей кездеспегендіктен, көпшілік бұған мән бермеуі де мүмкін. Бірақ баласы мазасызданып ұйықтамайтын жас аналар үшін мұның себебі мен емін білу маңызды. Талай ұрпақ өсірген әжелердің қылтанды алуға қатысты халық емінен айтар кеңесі бар. Дегенмен бұл туралы медицина мамандары не дейді? Бұл ауру санатына жата ма, әлде уақытша физиологиялық жағдай ма? Elordainfo.kz тілшісі дәрігер-неонатолог Роза Нұртаевадан осы жөнінде сұрады.

Дәрігердің айтуынша, «тікенек» кез келген нәрестеде бола бермейді, көбінесе шала туған немесе толық гестациялық кезеңге жетпеген нәрестелерде кездеседі. Ол ауру түріне жатпайды, уақытша болатын жағдай, сондықтан қорқудың қажеті жоқ.

«Мұны «лануго» деп атайды. Жүктіліктің 12 аптасынан пайда болады да, туылғанға дейін толығымен жоғалады. Бірақ кей балаларда дүниеге келгеннен соң да, 1-2 аптаға дейін сақталады. «Лануго» ұрықты құрсақішілік сұйықтықтағы зиянды заттардан қорғайды. Нәрестенің денесінде май аз болғандықтан, «тікенек» дене температурасын ұстап тұруға және реттеуге көмектеседі.

Кей кезде қатты түк тік өседі де, олар сыртқа шыға алмаған соң, тері астына ене бастайды. Сөйтіп, түйіршіктеліп қалған түктер сәбидің денесіне қадалып батады. Бұл түктер көсеуге ұқсап өсетіндіктен, кейде «кочерга» деп те атайды», - деді Роза Нұртаева.

Дәрігердің сөзінше, мұндай қылтан көбінесе сәбидің арқасында, жамбасында, иықтарында, құлақтарында кездеседі. Маман оны баланы шомылдырып, арнайы маймен уқалап отырып, алақанға шаншылғанынан сезіп-білуге болатынын айтты. Әрі «тікенегі» бар бала үнемі тыпыршып, мазасызданып, ұйықтай алмай жылай беруі мүмкін.

«Сәбиді жақсылап шомылдырып, жылы ваннада булап алған соң, етпетінен жатқызады да, арқасына арнайы маймен массаж жасап уқалайды. Нәрестенің терісі нәзік болғандықтан, абайлап әрекет ету керек. Уқалау барысында қылтандарды ақырын алып тастау керек», - дейді дәрігер неонатолог.

Роза Болатханқызы аталған әдістерден бөлек, халық емі бойынша қамырмен уқалап алу әдістері де көпшілік арасында кең қолданылатынын айтты. Дегенмен маман қандай да ем-дом, әдіс-тәсілді қолданбас бұрын дәрігермен кеңесіп алуды ескертті. Өйткені сәбиде аллергия болуы мүмкін.