Астаналық дәрігер донор болудың қауіпсіздігі жайлы айтты


Донорлық (лат. donare – «беру») – қан мен оның компоненттерін ерікті түрде тапсыру, сондай-ақ қан мен оның компоненттерін дайындаудың қауіпсіздігін ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені.
Донордан алынған қан (донорлық қан) ғылыми-зерттеу және білім беру мақсатында; қан компоненттерін, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруде қолданылады.
Донорлық қан мен оның компоненттерін клиникалық қолдану реципиентке емдік мақсатта трансфузиямен (құюмен) және донорлық қан мен оның компоненттерінің қорын құрумен байланысты.
Құю үшін қолданылатын қан денсаулығында ақауы жоқ донордан алынуы тиіс.
Қан тек тірі ғана емес, сонымен қатар жаңартылатын ұлпа болғандықтан, тек сау ағза ғана қанды көп мөлшерде бере алады.
Отандық және әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өтеусіз және тұрақты қан донорлығын дамыту реципиенттер үшін қан компоненттерінің барынша қауіпсіздігін және қан қызметінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етудің басты шарты болып табылады. Сыйақы үшін емес, көмектесуге тырысатын ерікті донорлар өздерінің денсаулығы туралы сенімді ақпаратты ұсынады. Тұрақты донорлар жүйелі түрде тексеруден өтеді, дені сау екенін және олардың қаны мұқтаж адамдарға көмектесетінін біледі. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес донор болғысы келетін адамдар АИТВ-инфекциясына, В гепатитіне, С гепатитіне және мерезге тексерілуі тиіс. Осы скрининг сапаны қамтамасыз ету жөніндегі жүйенің талаптарына сәйкес және міндетті түрде жүргізілуі тиіс. АИТВ-инфекциясына және басқа да гемоконтактілі инфекцияларға тексеруден бас тартқан адам донор бола алмайды. Егер талдау барысында АИТВ-инфекциясы анықталса, адам донорлықтан мерзімсіз шеттетіледі.
Негізгі басымдықтардың бірі – донор үшін қан тапсыру рәсімінің 100% қауіпсіздігін қамтамасыз ету. АИТВ-инфекциясын жұқтыру тұрғысынан қан тапсыру ешқандай қауіп төндірмейді. Барлық медициналық манипуляциялар кезінде тек бір реттік құралдар мен компоненттер қолданылады, бұл донор үшін жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупінің болмауын қамтамасыз етеді. Бұл ретте медицина қызметкерлері қанмен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен жұмыс істеу кезінде әмбебап сақтық шараларын сақтайды.
Донорлық қан мен оның компоненттерінің қауіпсіздігі карантиндеу және ҚР-да рұқсат етілген басқа да әдістер арқылы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарды тиісті таңбалаусыз пайдалануға және өткізуге тыйым салынады, сондықтан донорлық қанды, оның компоненттері мен препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Дені сау адам донор бола алады! Егер елде донорлардың саны жеткілікті болса, әрбір адам сырқаттанған жағдайда қан әрқашан болатынына сенімді бола алады.
Б.Құлтанова
Астана қаласы
АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының
Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі



