00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астанадағы теміржол ауруханасының мәселесі қалай шешіледі

Астанадағы теміржол ауруханасының мәселесі қалай шешіледі
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

«Теміржол» деген атауымен белгілі елордадағы ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары Жеңіс даңғылы, 58 бойынша №3 көпсалалы қалалық аурухананың хирургиялық блогында жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда шатырды, қасбетті, инженерлік желілерді жөндеу, терезелер мен есіктерді ауыстыру, желдеткіш орнату жұмыстары аяқталды. Жоспарда лифттерді ауыстыру және әрлеу жұмыстары бар. Хирургиялық блокты жөндеуді аяқтау 2025 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Содан кейін 2025 жылы терапевтік және қосалқы ғимараттарға – гаражға, ас блогына және кір жуатын орынға күрделі жөндеу жүргізіледі.

Айта кетейік, нысанның өзі 1959 жылы пайдалануға берілген, салынған сәттен бастап ғимараттардың ешқайсысында күрделі жөндеу жүргізілмеген. Аурухананың үш ғимараты бұзылмақ, өйткені олар апаттық нысандар қатарына кіреді. Екі ғимарат 2025 жылдың соңына дейін жаңартылып, барлық қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталады.

«Әкімдіктің қолдауының арқасында біз ең көне ауруханамыздың жекелеген ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы жылдары оң жағалаудағы Халыққа қызмет көрсететін 300 төсектік заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы басталады. Бұл үшін ауданы 7,61 гектар учаске бөлінген. Құрылыс «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен жоспарланған», - деді елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.

Айта кету керек, №3 көпсалалы қалалық аурухана – «Сарыарқа», «Байқоңыр» және «Нұра» аудандарының тұрғындарына қызмет көрсететін қаланың ең көне медициналық мекемелерінің бірі. Тәулігіне қабылдау бөлімшесіне өтініштердің орташа саны 350-ге, жарақат пунктіне күніне 100-ге дейін жетеді.