Қазақстанда соңғы 5 жылда бала туу көрсеткіші өсті
Соңғы 5 жылда республикада бала туу көрсеткіші артқаны байқалып отыр. 2021 жылы 446 мың сәби, ал 2022 жылы 412 мың нәресте дүниеге келді, деп хабарлады Elorda.info Денсаулық сақтау министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады. Жыл сайын орта есеппен туа біткен ақаулары бар 1500 жаңа туған нәресте хирургиялық ем алады.
Республика бойынша балаларға медициналық көмек көрсетуге 3 232 педиатр, 773 неонатолог және 1 395 балалар анестезиолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған.
ДСМ еліміздің Орталық Азияда сәбилерге туғаннан бастап кардиохирургиялық ота жасайтын жалғыз мемлекет екенін еске салды.
Былтыр туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 1800-ден астам ашық жүрекке ота жасалды, оның 75%-ы – бір жасқа дейінгі балалар. Шеберлік сыныптары аясында Германия мен Түркиядан шетелдік мамандарды тарта отырып, күрделі ақаулары бар 24 балаға операция жасалды. Аса ауыр жағдайларда балалардың өмірін құтқару үшін елде телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация жүзеге асырылды. Санавиацияның 497 ұшуы, оның ішінде жаңа туған нәрестелерге 271 ұшу орындалды, 1072 балаға медициналық көмек көрсетілді, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Министрлік елімізде 11 заманауи перинаталдық орталық салу мәселесі бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталатынын хабарлады.
Бүгінде жұмыс істеп тұрған клиникалардың базасында 5 өңіраралық балалар кардиохирургиясы орталығын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балаларға арналған 13 ерте араласу орталығын, 17 аудандық және 6 облыстық оңалту орталығын ашу жоспарланған, - деді ДСМ баспасөз қызметі.