00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Биыл елордада бірінші сыныпқа 27 мыңға жуық бала барады

16 тамыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Биыл елордада бірінші сыныпқа 27 мыңға жуық бала барады
фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлбақыт Жүнісова мен қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info

 Спикерлер елордалық мектептерді жаңа оқу жылына дайындау мәселелері бойынша толыққанды ақпарат берді.  Олардың айтуынша қаладағы жалпы орта білім беретін мектептерге жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 26 650 бала қабылданды. 1 қыркүйекте балалардың жалпы саны 255 000 болады. 

Құжаттарды «электрондық үкімет» www.egov.kz  веб-порталы арқылы қабылдау аяқталды, қазіргі таңда ата-аналар қағаз жүзінде құжат тапсыра алады. Әр мектепте қабылдау комиссиясы ұйымдастырылған. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектептерде бірінші сыныпқа емтихандарынсыз қабылданады, - деді Қасымхан Сенғазыев. 

брифинг мектеп.jpg

Білім беру ұйымдары 10, 11 (12) сыныптарға қызмет көрсету аумағында тұратын оқушыларды қабылдайды және білім алушының жеке өтінішінің не олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтінішінің және негізгі орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжатының негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі күні білім ұйымдарының 10-сыныптарына 8360 бала қабылданған. 

Қазіргі таңда 49 білім беру нысанында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оларды оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда.

Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, қазіргі уақытта қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, 11 мектеп ағымдағы оқу жылында пайдалануға беріледі. Оқу жылы басталмай тұрып 4800 орындық 3 мектеп пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 000 (екі ауысымда) орындық 24 мектеп салынады.

Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 10 317 орынға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдар жанынан қосымша 500 орындық корпус ашу жоспарлануда.

2023 жылғы 17 тамыздан бастап Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының топтарын жаңа 2023-2024 оқу жылына жасақтау аяқталады. Порталда 22 190 жолдама берілді, оның ішінде 13 157 жолдаманы мемлекеттік балабақшаға баратын балалар алған. 

Айта кетейік, бүгінде елордада 67 642 баланы қамтитын 505 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Электрондық кезекте 61 мыңға жуық мектеп жасына дейінгі бала тіркелген.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында осы жылдың қыркүйек айынан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етілетін болады, – деп атап өтті Білім басқармасының басшысы.

Бүгінгі таңда елордада 33 колледж бар. Кадрларды даярлау 75 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Барлық колледждерде кабинеттерге, шеберханалар мен жатақханаларға косметикалық жөндеу жүргізілді, білім беру бағдарламалары өзектендірілді, педагогикалық штат жасақталды. Бүгінгі таңда колледждерге оқуға 11 937 адам өтініш берді.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім» жобасы аясында сегіз бағыт бойынша 8 500 орынға және сұранысқа ие 59 мамандыққа тапсырыс қалыптастырылды.

Биыл алғаш рет колледждерге 10-11 сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жүргізілуде. Оқуға 270 адам қабылданады деп жоспарлануда, олар 1,5 жылдан кейін білім туралы аттестат және жұмыс біліктілігі берілген диплом алып шығады, - деді Қ. Сенғазыев.

Оқу жылының басынан бастап 607 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерде оқуды бастайды, ал аяқтағаннан кейін қаланың 44 түрлі ұйымдарында жұмысқа орналасады.

Айта кету керек, Елордалық білім беру ұйымдарында 3 533 педагог жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында қала мектептерінде әкім гранты бойынша білім алған педагогикалық жоғары оқу орындарының 131 түлегі жұмыс істей бастайды.

1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30% - ға артады.