00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысы қайта жарыққа шығады

28 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысы қайта жарыққа шығады
Фото: Оқу-ағарту министрлігінен

«Хабар» агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 11 (12) сынып оқушылары арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынын қайта жаңғыртты, деп хабарлады Elordainfo.kz

Осы жылдың қараша айында еліміздің барлық өңірінде басталған іріктеу кезеңі 2025 жылдың сәуір айына дейін жалғасады. Өңірлік кезеңнің нәтижесі бойынша әрбір облыстан 5 үздік оқушы республикалық кезеңге жолдама алады. Ол 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында Алматы қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Зияткерлік сайысының тапсырмалары жалпы білім, логика, музыка, өнер, спорт секілді түрлі салаларды қамтиды. Аудандық кезеңде қатысушылар 45 минут ішінде 30 сұраққа жауап берулері керек болса, облыстық кезеңде 60 сұрақтың шешімін табуға 75 минут уақыт беріледі.

«Бұл телеойынның оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға айтарлықтай үлес қосатынына және олардың білімге, өз-өзін жетілдіруге ұмтылуына серпін беретініне сенімдіміз. Жоба ең дарынды көшбасшыларды тануға, таңдауға септігін тигізеді», - дейді «Дарын» РҒПО-ның директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Естеріңізге сала кетейік, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» телеойыны «Хабар» республикалық телеарнасында алғаш рет 1999 жылы жарыққа шықты. 25 жыл ішінде ол бірнеше рет жаңарып, жоғарғы және кіші топтар форматында да ұсынылды.

Оқушылардың білімі мен интеллектуалды дамуын арттыруға, сондай-ақ еліміздің болашақ зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға бағытталған тележоба енді Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен қайтадан өз көрерменімен қауышады.